Екібастұздағы жаңа станция елдің энергия қорын арттырады

Екібастұздағы жаңа станция елдің энергия қорын арттырады
Фото: Константин Шелков

Кәсіпорын жылына шамамен 20 миллиард кВт/сағ электр энергиясын өндіруді жоспарлауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл бастама көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаның маңызды бөлігі саналады.

Павлодар облысы отандық энергетика саласында стратегиялық рөл атқарып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақ еліміздегі барлық электр энергиясының 42%-ын өндірді.

Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту үшін Екібастұз МАЭС-2 станциясының қуаты 1 ГВт-тан 2,1 ГВт-қа дейін кеңейтіледі. Сонымен қатар, «таза көмір» технологиялары негізінде қуаты 2,64 ГВт болатын жаңа Екібастұз МАЭС-3 салынып, Ақсу МАЭС-ы жаңғыртылмақ.  

– Бұл ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін шикізат базасын кеңейту қажет. Қазақстандағы көмір өндірісінің 38%-ын қамтамасыз етіп отырған «Богатырь Көмір» ЖШС басты орынға ие. Кәсіпорынның теңгерімдік қоры 2,4 миллиард тоннаға жетеді. Өндіріс көлемі 2024 жылғы 42,7 миллион тоннадан 2026 жылы 45,2  миллион тоннаға дейін өсіп, 2032 жылы жылына 56,5 ммиллион тоннаға жетуі жоспарланған, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін 2026–2032 жылдар аралығында көлемі 360 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық бағдарлама қарастырылған. Қаражат күрделі құрылысқа, жаңа технологияларды енгізуге, тау-кен көлік жабдықтарын жаңартуға және қолданыстағы қуаттарды реконструкциялауға бағытталады.

Бұл шаралар еліміздің энергетика секторындағы өсіп келе жатқан қажеттіліктерді қамтамасыз етіп, көмір жеткізу тұрақтылығына кепілдік береді.

Сонымен қатар, қаражаттың едәуір бөлігі тау-кен көлік жабдықтары паркін жүйелі түрде жаңартуға, сондай-ақ қолданыстағы қуаттарды реконструкциялау мен күрделі жөндеуге жұмсалады. 

Еске сала кетейік, жаңа кәсіпорын жобасы бойынша қуат көздерін кезең-кезеңімен енгізе отырып, «таза көмір» технологиясын қолданады. Нысанның құрылысымен ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапары барысында танысқан еді.