Екінші Павлодарда «Алтын сақа» орталығы балалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты
Орталық балалар мен жасөспірімдердің армандарын орындауға қолқабыс жасауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаланың Екінші Павлодар шағын ауданында шамамен 18 мыңға жуық тұрғын тұрады. Мұнда 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығы жұмыс істеп келеді. Қосымша білім беру инфрақұрылымы бұрын дамымаған бұл аудан үшін орталықтың ашылуы маңызды оқиға болды.
Орталық бұрынғы колледж ғимаратында орналасқан. Ғимаратта күрделі жөндеу жүргізіліп, балалар мен жасөспірімдердің техникалық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған заманауи кабинеттер ашылды. Орталықты тәжірибелі педагог Саян Мұқанов басқарады.
—Екінші Павлодарда мұндай орталық бұрын-соңды болмаған. Біздің басты мақсатымыз — балаларға қаланың басқа бөлігіне бармай-ақ, өз ауданында қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беру, — деді «Алтын сақа» орталығының педагогтары.
Орталықтағы сұранысқа ие бағыттардың бірі — лазерлік қондырғылар арқылы ағаштан бұйымдар жасау. №18 мектептің 6-сынып оқушысы Мухаммад Азаматұлы бұл үйірмеге бір жылдан бері қатысып келеді.
— Мен фанерадан түрлі бұйымдар кесемін. Ағаштан катана жасап көрдім, подставкалар, механикалық копилка жасадым. Орталық ашылған сәттен бастап бірден келіп жазылдым, — деді ол.
Музыкалық бағыт та балалар арасында кең сұранысқа ие. Домбыра сыныбында №41 мектептің 6-сынып оқушысы Мәриям Амангелді екінші жыл қатарынан білім алып жүр.
— Домбырамен айналысып жүргеніме екінші жыл болды, бәрі ұнайды. Қазір «Балбырауын» күйінің екінші бөлігін үйреніп жүрмін. Бұл күй анама өте ұнайды, — деп бөлісті Мәриям Амангелді.
Оның айтуынша, орталықтағы оқу ортасы өте жайлы.
— Мұнда бәрі жылы, жақсы. Ұстаздар мейірімді. Музыкадан бөлек сурет салғанды жақсы көремін. Болашақта суретші әрі музыкант, сондай-ақ қызықты әңгімелер жазатын адам болғым келеді, — деді ол.
Жақында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында «Алтын сақа» орталығында «Асық STRIKE» кабинеті ашылды. Онымен бірге, күні кеше мұнда «Асық STRIKE» облыстық жарысы өтті.
— Біз ұлттық дәстүрлер мен заманауи тәсілдерді ұштастыруға тырысамыз. Мұндай кабинеттер балалардың мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырып, командалық рухты қалыптастырады, — деді Саян Мұқанов.
Бүгінде «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығы Екінші Павлодардағы балалар мен жасөспірімдер үшін білім алу мен өзін-өзі дамытуға арналған маңызды орталыққа айналып отыр.