Павлодар облысында гастроэнтерология және пульмонология бөлімшелері іске қосылды

Павлодар облысында гастроэнтерология және пульмонология бөлімшелері іске қосылды
Фото: Константин Шелков

Бөлімшелер Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың базасында ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бөлімшелер бұған дейін мекеменің терапия бөлігінің құрамында болды. Ренновациялық шаралар шеңберінде салалық бөлімшелер ретінде жұмыс істейді.

Гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі Зәмзәгүл Смағұлованың айтуынша, мамандар емдеу және диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтылған. 

- Бауыр церрозы, жаралы колит, созылмалы панкреатит сияқты ауруларға шалдыққан павлодарлықтарды емдеу үшін қолайлы жағдай жасалған. Оларды сауықтыру үшін аурухананың бар ресурсын пайдаланамыз. Облыста крон ауруы және жаралы колит бойынша тіркеуде тұрған азаматтар саны 700-ге жетті.  Олар бұған дейін терапиялық бөлімшелерде емделсе, бүгінгі таңда біздің қамқорлығымызда, - дейді Замзагүл Смағұлова.

Бөлімше 20 төсек-орынға шақталған.  Қазіргі уақытта толық. Ем-дом шараларын қабылдап жатқандардың қатарында Павлодар қаласының тұрғыны Нұрлығайын Ахметова бар.

- Мен «бастапқы билиарлы бауыр церрозы» диагнозымен ауруханаға түстім. Соңғы жеті жыл бойы сырқатым бойынша ем алып жүрмін. Енді терапиялық бөлімде емес, арнайы жерде медициналық көмек аламын. Дәрігерім де жанымда, - дейді науқас.

Пульмонология бөлімшесі де 20 төсек-орынға арналған. Мамандар сонымен қатар облыс бойынша аптасына екі рет кезекшілік атқарады.

- Сырқаттарымыз бронх-өкпе жүйесі ауруларына шалдыққан.  Бөлімше жоспарлы және шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Бронхоскопия, клмпьютерлік томография, спирграфия жабдықтарымен қамтылған. Мамандардың біліктілігі жоғары. Қазақстан және алыс-жақын шетелдердің медициналық мекемелерінде білім алған, - дейді бөлімше меңгерушісі Анжела Недовизина.

Бөлімшелердің ашылуы мамандардың жұмысын да оңтайландырды. Бұл бронх-өкпе жүйесі ауруларын толыққанды емдеуге мүмкіндік береді. Мәселен, бронх демікпесінің ауыр түрлеріне шалдыққан науқастарға биологиялық терапия қажет, яғни, мамандандырылған медициналық қызмет көрсетіледі.