Павлодар облысы 2026 жылғы көктемгі суға дайындықты пысықтады
Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық облыс әкімі бекіткен инженерлік жұмыстар жоспары мен кешенді іс-шаралар шеңберінде жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Инженерлік жоспарда көзделген су тасқынына қарсы 22 іс-шара бүгінгі таңда толық көлемде орындалып бітті.
– Мамандардың мәліметінше, есепті кезеңде 153 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, нығайтылған, сондай-ақ 36 су өткізу құрылысы орнатылып, жөндеуден өткен. Баянауыл ауданындағы Жаңажол және Қ. Сәтбаев атындағы ауылдық округтерде 23 миллион текше метр су көлемін реттеуге қауқарлы гидромелиоративтік жүйелерді қайта жаңарту жобалары аяқталды. Бұл шаралар 17 ауылдың қауіпсіздігін едәуір арттырмақ, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Ерекше атап өтерлік жайт, Рождественка ауылында ұзындығы 3,5 шақырым болатын қорғаныс үйіндісі тұрғызылды. Бұл нысан аталған елді мекеннің инженерлік қорғаныс деңгейін жаңа сатыға көтерді.
– Ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін арнайы күштер мен құралдар топтамасы сақадай сай тұр. Бұл топқа 1871 адам, 769 техника, 21 жүзу құралы мен 357 мотопомпа кіреді. Сонымен қатар 47 мың қапшық, 1347 тонна инертті материал және 155 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды, – делінген хабарламада.
Жеке құрамды тамақпен қамтамасыз ету бойынша 80 ниет шарты жасалды. Ал Ертіс және Селета өзендерінің бойындағы Ақкөл, Май, Тереңкөл ауылдары мен Ақсу қаласы маңындағы қауіпті учаскелерде мұз жару жұмыстарын жүргізуге 4 арнайы шарт бекітілді.
ТЖД «Қазгидромет» мамандарымен бірлесіп, өңірдегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Арнайы комиссия облыс аудандарын аралап, қардың түсуі мен топырақтың қату тереңдігін зерттеу арқылы гидрометеорологиялық болжамдарды ұдайы жаңартып отыруды көздеуде.