Павлодарлық музыкант жаңа әнін көпшілікке ұсынды
Әділет Сейітов «Заман-ай» әнін Halyk radiosy арнасындағы «Талант пен туынды» бағдарламасының тікелей эфирінде таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Музыканттың айтуынша, ән жазу идеясы пандемия кезінде пайда болған. Оны қоғамдағы мәселелер – көпбалалы отбасыларды қолдау, балалар үйінің тәрбиеленушілері және жалғызбасты қарттардың тағдыры алаңдатқан.
– Мелодияны жазу қиын болмады, ол тез дүниеге келді. Бірақ сөзін ұзақ іздедім. Әріптестерімнен көмек сұрадым, алайда көпшілігі тақырыптың күрделі екенін айтты. Өзім ақын емеспін, сондықтан мәтін жаза алмадым. Кейін маған Екібастұз өңірінің ақыны Айбек Қали көмектесті. Қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді қозғайтын «Заман-ай» әні осылай дүниеге келді, – деді Әділет Сейітов.
Осылайша, екі жерлес бірігіп шығарған туынды қазір онлайн-платформаларда және музыканттың әлеуметтік желілерінде қолжетімді. Автор тыңдармандар қоғамдағы маңызды мәселелерге назар аударып, өзара құрмет пен төзімділікте, бейбіт өмір сүргенін қалайды.
Бүгінде Әділет Сейітовтың репертуарында Отан, махаббат пен достық тақырыбындағы ондаған авторлық ән бар. Олардың ішінде «Ақмаңдайлым» және «Ертіс вальсі» әндері павлодарлықтарға жақсы таныс.
Өткен жылы белгілі айтыскер, ақын Асығат Тұрғанбек Баянауыл өлкесіне арналған жаңа әнін таныстырды. Композиция бойынша бейнебаян да қасиетті өңірде түсірілді.
Асығат Тұрғанбек ұзақ уақыт бойы шығармашылығын Баянауылға арнауды 20 жыл бұрын армандаған. Дәл сол сәтте халық композиторы Жаяу Мұсаның 170 жылдығына арналған ауқымды айтыс өткен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram