Қар құрсауында қалған туристерге павлодарлық құтқарушылар көмекке барды

Қар құрсауында қалған туристерге павлодарлық  құтқарушылар көмекке барды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар – ҚХР 5 азаматы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, шетелдіктер навигаторға сеніп, алайда ақ түтек боранда кең  далада қалып қойған. Байланыс үзілген сәтте үсіп қалу қаупі төнген туристерді іздеуге геолокацияның үзік деректері арқылы олардың орналасқан жерін анықтауға учаскелік инспектор шықты. 

Түнгі уақытта Ақтоғай аудандық полициясының кезекші бөліміне дабылды қоңырау түсті.  «Көмектесіңіздер! Көмектесіңіздер!» деп айқайлап үлгерген, артынша байланыс үзіліп кеткен. Сигнал арқылы шамамен орналасқан жерін жедел анықтағаннан кейін, іздеуге бірден учаскелік инспектор Фархад Боранбаев шықты. 

Іздеу жұмыстары басталғаннан кейін шамамен бір сағат өткен соң, қою қараңғылықта қарға көміліп қалған автокөлік табылды. Көлік ішінде бес адам болды. Барлығы Қытай Халық Республикасының азаматтары болған.

— Адамдар қатты күйзеліске түскен. Мұндай ауа райында далада жолда ғана емес, өмірлеріне де қауіп төнді. Оларды сабырға шақырып, әрекет жоспарын түсіндіру үшін онлайн-аудармашыны қолдандым. Кейін көлікті тазартылған жол бөлігіне шығарып, барлығын жылы үйге жеткіздік. Онда оларды жылытып, ыстық шай мен дәмді тағам ұсындық, — дейді учаскелік инспектор Фархад Боранбаев.

Құтқарылғандардың бірі қазақ тілін еркін меңгерген Тауба есімді ҚХР азаматы бастарынан өткен жағдайды баяндады:

— Біз Павлодардан Астанаға бағыт алғанбыз, навигаторға толық сендік. Алғашында бәрі қалыпты еді, кейін боран басталды. Ақ түтек, көз аштырмайды. Көлік қарға батып қалды, өзіміз күреп шығаруға тырыстық, бірақ нәтиже болмады. Бір сәтке байланыс пайда болғанда, SOS батырмасын басып, «Көмектесіңіздер!» деп айқайладым. Байланыс қайта үзілгенде үмітіміз үзілді. Осы далада қалып қоямыз деп ойладық. Кенеттен – көлік шамының жарығы, полиция қызметкері көрінді, - деді ол.

Полицей мен ауыл тұрғындары шетелдік қонақтарға қауіпсіз түнеуді қамтамасыз етті. Таңертең ауа райы тұрақталған соң, оларды негізгі тас жолға дейін шығарып салды. Қытай азаматтары Фархад Боранбаевқа және оның әріптестеріне шынайы алғыстарын білдіріп, қазақстандық қонақжайлылық пен полицияның кәсібилігі олардың өмірін сақтап қалғанын атап өтті.