Павлодарда 21 мыңнан астам оқушы лагерьде демалады
Олар 1-4-сынып оқушылары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы білім беру бөлімінің мәліметінше, «Жаз- 2023» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қаланың 40 жалпы білім беретін мектебінде мектеп жанындағы лагерьлер 2 маусымда жұмыс істейді. Әр маусымның ұзақтығы 15 күннен. Оқушылар 3 рет тамақтанатын болады. Мектеп жанындағы лагерьлерде санитарлық-гигиеналық шараларды сақтай отырып, мәдени-демалыс объектілеріне шығу жоспарланған. Денсаулықты нығайту мақсатында күнделікті жаттығулар мен спорттық шаралар ұйымдастырылады.
1 маусымнан 1 тамызға дейін - өлкетану, экологиялық, зияткерлік, әскери-спорттық, этномәдени және басқа да бағыттар бойынша бейіндік лагерьлер жұмыс істейді. Жалпы 25 мыңнан астам оқушылар қамтылатын болады.
Жазғы кезеңде 24,3 мың теңге көлемінде еңбекақы төленіп, 669 оқушы қала, ауылдық аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша еңбек жасақтарында жұмыс істейтін болады.
Жалпы білім беретін мектептердің 1-10-сынып оқушыларының 94,6 % жазғы демалыспен, сауықтырумен және жұмыспен қамтылады, бұл 46 мыңнан астам оқушыны құрайды.
Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары да тыс қалған жоқ. Тұрғындармен профилактикалық жұмыс жүргізу және балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқушылармен және ата-аналармен әңгімелесу жүргізіліп, электронды ескертулер жолдануда. Білім беру бөлімі мен оқу орындарының сайттарында және әлеуметтік желілерде су айдындарының жанында болу қауіпсіздігі мен өрт қауіпсіздігі туралы бейнероликтер жариялануда.
Еске сала кетейік, мектеп жанындағы лагерьлердің салтанатты ашылуы 2023 жылдың 5 маусымында өтті.