Екібастұз оқушылары Қазақстанда тұңғыш балалар дубляж студиясын ашуға грант алды

Екібастұз оқушылары Қазақстанда тұңғыш балалар дубляж студиясын ашуға грант алды

Танымал мультфильмдерді ана тілінде дыбыстау идеясы «Қайнар» ББК ұйымдастырушы-педагогы Еркін Құсанға тиесілі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, жастар бастамасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бағалаған және Қазақстанда тұңғыш балалар дубляж студиясын ашуға грант бөліп, қолдау көрсеткен. Өткен жылдың мамыр айында білім беру және бос уақытты қамту кешенінде мемлекеттік тілдегі медиа саласында балаларды біріктіретін «Ұлттық колорит» үйірмесі ашылған. Ал жақында ұтып алған қаражатқа заманауи дыбыс жазу жабдықтары сатып алынып, жаңа студияның  тұсаукесері өткен. 

«Кәсіби дыбыстауға арналған жабдықтардан басқа, студияда дыбыс жазуға арналған арнайы кабина да қарастырылған. Аударма жұмыстарын орындауға арналған орын және қосымша түсіруге арналған алаң бар. Енді бізде жаңа жоспарлар туындап отыр», - дейді Еркін Құсан.

Оның айтуынша, мультфильмінің бірінші бөлігі мыңдаған қаралым жинағаннан кейін бұл идея жоба ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына ұсынылған. Байқауға 1000-нан астам идея ұсынылған. Дубляж студиясының «Өзгеше бол»  жобасы 33 жеңімпаздың  қатарынан орын алды. 

«Өскелең ұрпақ арасында мемлекеттік тілді дәріптеу мақсатында мультфильмдерді қазақ тілінде дыбыстау идеясы пайда болды. Жазғы демалыс кезінде «Беймакс» мультфильмінің бірінші бөлігін аударып, дыбыстап көруге тырыстық. Жеті минуттық мультфильммен жұмыс істеген кезде көптеген техникалық қиындықтарға тап болдық, бірақ бастаған істі соңына дейін жеткіздік және YouTube арнасына «алғашқы жемісімізді» жүктеп қойдық»,  - дейді студия жетекшісі Еркін Құсан.

Балалар алдағы уақытта жергілікті кинотеатрда көрсету үшін үздік шетелдік «Сәттілік» мультфильмін қазақ тіліне аударуды және жарты жыл сайын отбасымен көруге ұсынылған бір блокбастер-мультфильмді дыбыстап отыруды жоспарлап отыр.  Сонымен қатар, болашақта республикалық және шетелдік анимациялық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға ниетті. 

Дубляж студиясының командасында 50-ге жуық тәрбиеленуші бар.