Павлодарда бұрынғы күйеуімен татуласуға тырысқан әйел тағы да жанжал құрбанына айналды

Павлодарда  бұрынғы күйеуімен татуласуға тырысқан әйел тағы да жанжал құрбанына айналды
Фото: Константин Шелков

Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оқиға Солтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері араласқаннан кейін тоқтатылды. Бұрынғы күйеуімен кездескен әйел алғашқыда тыныш сөйлескендерін, бірақ кейін жанжал басталып, ер адамның балағат сөздер айтып, оны қорқыта бастағанын жеткізді.

Тәртіп сақшылары ер адамның бұл әрекеті үшін бұрын да полиция назарына іліккенін анықтады. Сол себепті оған қорғау нұсқамасы шығарылған. Бірақ ол бұл шектеуді елемей, қайталама құқық бұзушылыққа жол берді.

– Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бұл материал мамандандырылған сотта қаралатын болады. Тәртіп сақшылары жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Ең бастысы, отбасылық дау-дамайдың қылмысқа әкелуіне жол бермеу. Өйткені, отбасындағы қауіпсіздік-қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі, – деді полиция департаментінде.

Қорғау ұйғарымы – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қолданылатын құқықтық тетік. Ол жәбірленушінің келісімін ескере отырып шығарылады және құқық бұзушыға жәбірленушімен қандай да бір байланыс жасауға 30 күнге дейін тыйым салады.

Бұл норманы бұзғандар 30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін.