Павлодарда жалақы 450 мың теңгеге жақындады: әрі қарай не болады?
Облыс әкімі Асайын Байханов көмірден дизель отынын өндіру жобалары туралы айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру тұрғындардың табысы мен жалақысының өсуіне әсер етеді. Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов инвестициялық форумда айтты. Әкімнің мәліметінше, өңірде орташа жалақымен қатар медианалық жалақы да өсіп, қазіргі уақытта шамамен 450 мың теңгеге жақындаған. Оның айтуынша, алдағы уақытта табыстың өсуіне жаңа өндірістер мен ірі инвестициялық жобалар ықпал етуі тиіс.
- Жалақының өсуі – біз ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырғаннан кейін алатын екінші реттік әсер. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, білікті мамандарға деген сұранысты арттырады. Сондықтан біздің міндетіміз – инвестиция тартумен қатар, өңірде жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі ірі жобалардың қатарында құны шамамен 1,2 миллиард доллар болатын алтын өңдеу кәсіпорнын, инвестиция көлемі 15 миллиард долларға бағаланатын өнеркәсіптік интеграцияланған кластерді және көмірді терең өңдеу жобаларын атады. Көмірді терең өңдеу бағытында үш жоба пысықталуда. Әр жобаның құны шамамен 65 млрд теңге. Олардың аясында жергілікті көмірден дизель отынын өндіру жоспарланып отыр.
- Біз үшін маңыздысы – жай ғана капитал тарту емес, жаңа өндірістер құру. Көмірді терең өңдеу, химия өнеркәсібі, металлургия сияқты бағыттарда жоғары қосылған құны бар өнім шығарылуы керек. Осындай жобалар іске қосылған сайын өңір экономикасы күрделеніп, адамдардың табысына да әсер етеді, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаеваның айтуынша, соңғы үш жылда Павлодар облысының экономикасына үш миллард теңгеге жуық инвестиция тартылған. Оның 83 пайызы жеке компаниялардың қаражаты болған.
Биыл алғашқы жеті айдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемінің өсу қарқыны 111,9 пайызды құрады. Жыл соңына дейін өңірге шамамен 1,4 триллион теңге инвестиция тарту күтілуде. Инвестицияның негізгі бөлігі өнеркәсіпке бағытталған. Қазіргі таңда инвестициялық салымдардың 66,8 пайызы өнеркәсіп секторына тиесілі.
Айгерім Қабылтаева өңірде жаңа өндірістердің іске қосылып жатқанын да атап өтті. Биыл мамыр айында «Fonet Er-Tai Mining» компаниясының жылына бес мың тонна катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыты іске қосылды. Сондай-ақ қатты пайдалы қазбаларды өңдеу жөніндегі тау-кен байыту кешені іске қосылу сатысында. Кәсіпорын жылына 14 мың тоннадан астам мыс концентратын өндіріп, шамамен 400 жұмыс орнын құруға тиіс.
Ал мұнай-химия саласында құны 90 миллион еуродан асатын сутегі мен азот өндіру қондырғысының құрылысы жүріп жатыр. Жоба «Жасыл дәліз» тетігі аясында жүзеге асырылуда.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, инвестициялық жобалардың негізгі бағыты – экспортқа бағдарланған, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру. Осы жобалардың іске қосылуы өңір экономикасының әрі қарай өсуімен қатар, тұрғындардың табысына да әсер етуі тиіс.