Павлодарда жасөспірім мас күйде көлік жүргізді
Оның анасына айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2008 жылы туған жасөспірімге қатысты әкімшілік істі қарады.
Сот мәліметінше, биыл наурыз айында түнгі уақытта кәмелетке толмаған Г. жүргізуші куәлігі болмаса да, Павлодар қаласында «BMW 523I» автокөлігін алкогольдік масаң күйде басқарған.
Сот отырысында жасөспірім өз кінәсін толық мойындап, көлікке отырмас бұрын алкоголь ішкенін растаған. Оның бұл ұстанымын заңды өкілі мен қорғаушысы да қолдады.
Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша, жасөспірімнің орта дәрежелі масаң күйде болғаны анықталған. Сонымен қатар оның жүргізуші куәлігі жоқ екені расталды.
Сот оның кінәсі әкімшілік хаттамамен, сараптама қорытындысымен және өзге де дәлелдемелермен толық дәлелденді деген қорытындыға келді. Іс ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 8-бөлігі бойынша сараланды.
Құқық бұзушының кәмелетке толмағанын және айыппұл төлеуге жеткілікті мүлкінің жоқтығын ескере отырып, әкімшілік жаза оның заңды өкіліне жүктелді.
Сот қаулысымен жасөспірімнің анасы Н.-ға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 43 250 теңге айыппұл салынды.
Қаулы заңды күшіне енді.