Павлодарда ішімдік ішуіне тыйым салынған азаматтың үстінен тағы да іс қозғалды
Ол сот шешімін бұзғаны үшін айыпталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз аула» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Жедел шара барысында полицейлер 318 құқық бұзушылықтың жолын кесті.
– Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу және масаң күйде жүргені үшін 234 азамат, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 39 адам, алкоголь өнімдерін өткізу заңнамасын бұзғаны үшін 19 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрғылықты мекенжайлары бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, әкімшілік қадағалауда тұрған және мінез-құлқына арнайы талаптар қойылған бес мыңға жуық есептегі тұлға тексерілді. 637 азаматқа алкоголь ішуге тыйым салу түріндегі ерекше талаптар белгіленді, ал 218 адамға әкімшілік қадағалау орнатылды, – деді облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Тұрғылықты жері бойынша тексеру барысында сот шешімімен алкоголь ішуге тыйым салынған павлодарлықтың спирттік ішімдік тұтынғаны анықталды. Аталған дерек бойынша әкімшілік іс қозғалып, материал процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сондай-ақ, Ақтоғай ауданының бір дүкенінде сатушы алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан. Сот шешімімен айыппұл салынып, алкоголь өнімдерін сату лицензиясы уақытша тоқтатылды.
Азамат Күркебаевтың айтуынша, тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандарды қорғауға ерекше назар аударды. Патрульдеу кезінде түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген 13 жасөспірім және алкогольдік масаң күйде болған 2 жасөспірім ұсталды. Ата-аналарымен және жасөспірімдермен профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
Атап айтқанда, Екібастұз қаласындағы компьютерлік клубтардың бірінде кәмелетке толмаған жасөспірім түнгі уақытта заңды өкілінсіз болған. Ата-анасы мен мекеме иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тәртіп сақшылары азаматтарды заң талаптарын сақтауға, қырағы болуға және өзара құрмет пен тәртіп әрбір ауланың қауіпсіздігінің кепілі екенін ұмытпауға шақырады.