Павлодар облысы дін істері басқармасына жаңа басшы келді
Бұл қызмет бұрынғы облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысына тапсырылды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар облысы әкімінің өкімімен облыстық дін істері басқармасының басшысы лауазымына Балтабай Маданиұлы Қаппасов тағайындалды.
Балтабай Қаппасов 1971 жылы 18 шілдеде Павлодар облысы Краснокутск ауданы Коминтерн совхозында дүниеге келген.
1997 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін биология және химия мамандығы бойынша аяқтаған. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын саясаттану мамандығы бойынша тәмамдаған, әлеуметтік білім магистрі академиялық дәрежесі бар.
Балтабай Маданиұлы еңбек жолын 1988 жылы тамызда Павлодар облысы Краснокутск ауданы К. Маркс атындағы совхоздың орталық ток лаборанты болып бастады. Әр жылдары кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің химия кафедрасының лаборанты, Железин жалпы білім беретін орта мектебінде химия және биология мұғалімі болып жұмыс істеді. 2002 жылдың қазанынан 2006 жылдың шілдесіне дейін Орман жалпы білім беретін орта мектебінің директоры, кейін Железин жалпы білім беретін орта мектебінің директоры қызметтерін атқарды.
2007 жылдың маусымынан 2014 жылдың қыркүйегіне дейін Железин ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. Содан кейін 2017 жылдың шілдесіне дейін Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2017 жылдың шілдесінен 2022 жылдың қаңтарына дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің директоры, Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Еске сала кетейік, осы қызметке тағайындалғанға дейін Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.