HALYQ DAUYSY жеңімпазы: Бұл байқау дұрыс мамандық таңдауыма көмектесті
Халықаралық музыка фестивалінің жеңімпазы Қарақат Ғабдуллина өнер саласына екі жыл бұрын ғана келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жеңімпаз көбінесе классикалық стильдегі әндерді шырқайды және көбінесе Толқын Забирова, шетел әншілерінен Ariana Grande, Beyonce сынды әншілерді сүйіп тыңдап, еліктейтінін айтады. Бұған дейін үлкен сахнада ән айтып көрмеген.
– Бұл – менің алғашқы үлкен байқауым. Бұған дейін мектеп сахнасында бір-екі рет ән айтқан болатынмын. Құрманғазы атындағы консерваторияның классикалық опера бөліміне оқуға түсуді жоспарлап отырмын. Музыкалық білімім жоқ болғандықтан маған көп оқып, көп ізденіп, талаптану керек. Опералық әндер айтудың қыр-сырын жетік меңгеріп, сауатты да кәсіби әнші болғым келеді, – дейді жуырда түлек атанған бойжеткен.
Өскеменнен келген жас әнші жеңімпаз атану дұрыс мамандық таңдауына әсер еткенін айтады.
– Жүлдені алған сәттегі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі, фестивальдің нәтижесі туралы ұмытып кеткенмін. Сәтін салса – алармын, бұйырмаса – сабақ болады деп ойладым. Бұл байқау елімізге танымал әншілермен бірге «Ertis promenade» сахнасында бірге өнер көрсетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ елдің ілтипаты, назары мен қаншама құттықтаулардың әсерінен өзімді бір сәтке өнер адамы ретінде сезіндім, – дейді әнші.
Естеріңізге сала кетейік, Қарақат Ғабдуллина «HALYQ RADIOSY» 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған «HALYQ DAUYSY» фестивалінде жүзден жүйрік атанып, 1 миллион теңге иегері атанған.