Павлодарда қайырымды жандарға арналған байқау өткізіледі

Павлодарда қайырымды жандарға арналған байқау өткізіледі
Фото: ӨКҚ

Байқау бес бағыт бойынша ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстанның іскер әйелдер Ассоциациясының Павлодар облысы бойынша төрайымы Аурика Дяк мәлім етті. 

– Бұл қайырымды жандардың байқауы. Алайда олар өздерін мақтап, өздерінің жақсылықтары жайлы айтып бере алмайды ғой. Сондықтан сіздердің жақындарыңыз, игі, қайырымды іс жасап, көмек көрсетіп жүрген болса, осы байқауға оларды сіз тіркей аласыз, – дейі Аурика Дяк. 

Спикердің айтуынша, «Қайырымдылық керуені» байқауы игі іс жасайтын, қол ұшын созатын жандарды анықтауға, халықтың азаматтық бастамасын жандандыруға және мейірімділік, гуманизм сияқты адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

Байқау жыл сайын Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан батыл, қамқор жандарды, меценаттар мен нағыз патриоттарды анықтайды. 

Байқауға әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлестерін қосатын және өзгелерді өздерінің игі ісімен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Лауреаттар мына номинациялар бойынша анықталады:

«Асар» номинациясы халықтық салт-дәстүрді сақтауға бағытталған қайырымдылық қызметті атқаратын жандарға табысталады;

 - «Туған жер» номинациясы білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру және т.б. салаларда туған өлкесіне қайырымдылық көрсеткен лауреатқа табысталады;

- «Батыл жүрек» номинациясы ерлік пен қайсарлық танытқан адамдарға беріледі. Бұл номинация шеңберінде шұғыл қызмет (ТЖ, ІІМ, жедел жәрдем және т. б.) қызметкерлерінің арасында ең үздіктерге қосымша жеңімпаз атағы берілуі мүмкін;

- «Мейірім жолында» номинациясы белгілі бір уақыт аралығында тұрақты түрде өтеусіз көмек көрсеткен жандарға беріледі;

- «Қайырымдылық тарихы» номинациясы қайырымдылық, әлеуметтік мәселелерді үздік жариялағаны үшін журналистке немесе шығармашылық ұжымға беріледі; 

Байқауға қатысуға өтінімдер 2023 жылдың  15  желтоқсанына дейін қабылданады.

Байқауға қатысу туралы толық ақпаратты www.fnn.kz, www.businesswomen.kz сайттарынан табуға болады.

Анықтама телефондары: +7 (701) 319 39 55 - Логунова Ляна Александровна.

Электронды пошта:  adjk_pvl@mail.ru