Павлодарлық құтқарушылар қамалып қалған баланы құтқарды

Павлодарлық құтқарушылар қамалып қалған баланы құтқарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тағы екі адамды көліктен алып шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, құтқарушылар демалыс күндері 12 рет шақыртуға шықты.

Атап айтқанда, 15 тамыз күні сағат 10:25-те Ақсу қаласында жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөлікте адамдардың қысылып қалғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына келген құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен автокөліктің есігін ашып, екі зардап шеккен адамды көліктен алып шықты. Олар жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды.

Құтқарушылардың көмегі кәмелетке толмаған балаға да қажет болды. 112 пультіне Павлодар қаласында 2019 жылы туған баланың пәтерде абайсызда қамалып қалғаны және есікті аша алмай отырғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына келген құтқарушылар арнайы шанцевтік құралдың көмегімен бірінші қабаттағы терезе торын шешіп, терезе арқылы пәтерге кіріп, іштен кіреберіс есікті ашты. Балаға медициналық көмек қажет болған жоқ.

Құтқарушылар кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Төтенше жағдай туындаған кезде 101 және 112 нөмірлеріне хабарласыңыздар. Әрбір минуттың маңызы бар.