Павлодарлық құтқарушылар үш жасар балаға жедел көмек көрсетті
Құтқарушыларға слесарь қысқышын қолдануға тура келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары үш жасар бүлдіршіннің ата-анасының шақыртуымен оқиға орнына барған. Бала балалар тағамының түтігіндегі пластик қақпақты саусағына кигізіп алып, өздігінен шеше алмаған.
Құтқарушылар жағдайды жедел бағалап, слесарь қысқышының көмегімен пластик қақпақты абайлап алып тастады. Бүлдіршін зардап шеккен жоқ, оған медициналық көмек қажет болмады.
Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарға сырттай қауіпсіз көрінетін заттардың өзі балалар үшін қауіпті жағдайға себеп болуы мүмкін екенін еске салады. Мамандар кішкентай балаларды ойын кезінде қараусыз қалдырмауға шақырады.