Ақсулық полицей электр тоғы бар субұрқақтан бірнеше баланы құтқарып қалды

Ақсулық полицей электр тоғы бар субұрқақтан бірнеше баланы құтқарып қалды

Ол патрульдік бақылау кезінде балалардың айқайын естіп, көмекке барған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгін Ақсу қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде патрульдік полиция взводының аға инспекторы, полиция капитаны Қажымұрат Фаизов балалардың айқайын естіп, субұрқақтың жанына барған.

- Жүгіріп келе жатып, субұрқақта екі кәмелетке толмаған қыздың тұрғанын көріп, уақытты жоғалтпай, субұрқаққа секірдім. Екі қызды шығарып алдым. Сол кезде мен үшін ең бастысы балаларды құтқару болды. Мен өзім туралы ойламадым. Кейін жедел жәрдем шақырып, балаларды мамандарға тапсырып, қызметке кірістім, - деді Қажымұрат Фаизов.

Кейінірек сол субұрқаққа 3, 6 және 8 жастағы балалар шомылуға келгені анықталды. Шомылу кезінде 3 жастағы қыз электр тоғына түскен. Қалған кәмелетке толмағандар заңды өкілдеріне тапсырылды. 

Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 254-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Облыстық полиция департаменті ата-аналардан өте мұқият болуды, кәмелетке толмаған балаларды қадағалауды, оларды назардан тыс қалдырмауды сұрайды!