Павлодарлық актерлер жүрекпен «көрудің» күшін көрсетті

Павлодарлық актерлер жүрекпен «көрудің» күшін көрсетті
Фото: театрдан

Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры 36-маусымының  кезекті премьерасын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Оралхан Бөкейдің «Жылымық» әңгімесінің желісімен сахналанған «Біз туралы» лирикалық драмасы көрерменге мейірім, үміт және адамның ішкі әлеміндегі нәзік сезімдер туралы сыр шертеді. Премьера Е.Тәпенов атындағы кіші залда ұсынылды.

Қоюшы режиссер Жангелді Садықовтың айтуынша, бұл туындының басты ерекшелігі – оның әңгіме жанрынан драмалық формаға бейімделуі. 

– Бұл шығарма – пьеса болып жазылмаған, әңгіме түріндегі туынды. Сахналық құрылымға көшіру, диалогтар ойластыру, эпизодтар арасындағы байланыс орнату біз үшін ең күрделі кезең болды. Кейде тоқтап қалған кездеріміз де болды. Дегенмен, шығарманы қатты жақсы көргендіктен, сол қиындықтардың бәрінен өттік, – деді ол.

Қойылымда небары екі актер ғана ойнайды. Режиссер мұны актерлердің даралануына мүмкіндік беретін үлкен мектеп деп санайды. 

– Сахнада екі-ақ әртіс. Бар салмақ, сөз, эмоция – солардың мойнында. Бұл – актер үшін әрі қиын, әрі баға жетпес тәжірибе, – деді қоюшы режиссер.

Қойылымға сахналық қимыл іс-әрекеттері қосылды. Пластика режиссері ретінде алғаш рет бағын театр әртісі Ақтілек Ақанова сынады.

– Бұл камерлық спектакль болғандықтан, біз сыртқы пластикадан гөрі ішкі пластикаға назар аудардық. Молекулярлық элементтер сияқты сезімнен туындаған қимылдар. Қойылымда метафоралар өте көп, – деді ол. 

Сахнада тұман, қар, жел секілді эффектілер қолданылып, табиғаттың күйі көрініс табады. Театр ұжымы тіпті тазалықтың символы саналатын аққайыңды да сахнаға шығарып, қойылымның әсерін күшейтті.

Басты рөл – көзі көрмейтін Жанар образын актриса Жанар Назекенова сомдайды. Ол бұл рөлді ішкі дайындық пен сезімталдықты талап ететін ерекше жұмыс деп бағалады. 

– Басында қиындық көп болды. Монологтар сіңбей қалатын сәттер болды. Бірақ уақыт өте бәрі орнықты. Қоғамда соқыр адамдарға аяушылықпен қараудың қажеті жоқ. Біз дәл осы ойды жеткізгіміз келді, – деді әртіс.

Ал жігіттің рөлін сомдайтын актер Ерасыл Ерланұлы қойылымның мағынасына тоқтала кетті.

– Жанардың мықтылығын менің кейіпкерім арқылы көруге болады. Мен көре алмаған дүниені ол маған көрсете алды. Сондықтан қойылымда нақты бір идеяны күштеп ұсыну емес, әр көрерменнің өз ой түюін қаладық, – деді ол.

Қойылым атауы махаббат тарихын еске түсіргенімен, режиссерлердің айтуынша, оның терең мағынасы қоғам жайында. 

Оның сөзінше, халық атауға қарап, кейіпкерлер арасындағы байланыс деп ойлауы мүмкін. Ал шын мәнінде қойылым – біз туралы, қоғам туралы. «Біз соқыр адамдарға қалай қараймыз?» деген сұраққа жауап табуға көмектеседі.

Айта кетейік, желтоқсан айында театр өз мерейтойын атап өтеді.