Павлодарлық балалар бірегей балабақшада тәрбиеленуде

Павлодарлық балалар бірегей балабақшада тәрбиеленуде
Фото: Амира Жартекей

Облыс орталығындағы №42 балабақша күрделі жөндеуден кейін инновациялық оқу моделіне толықтай көшіп, STEM-модульдерімен жұмыс істей бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Балабақшадағы білім беру процесі дәстүрлі топтық жүйе арқылы емес, арнайы модульдер арқылы ұйымдастырылған. Бұл жерде балалар зерттеу және жобалау жұмыстарымен айналысады.

Аталмыш мекемеде 275 бала 11 топқа бөлініп тәрбиеленуде. Олармен 38 педагог жұмыс жасайды.

Бұл туралы гимназияның басшысы Гүлмира Қожахметова мәлімдеді. Оның айтуынша, дәстүрлі балабақшалардан негізгі айырмашылығы оқу мазмұнында және оқыту әдісінде.

– Біз білім беру модульдері арқылы жұмыс істейміз. Бағдарламаға қосымша бағыттар енгізілген, бұл сабақтарда балалар зерттеп, эксперимент жүргізіп, логикалық ойлауға, топпен жұмыс істеуге және өз ойларын еркін жеткізуге үйренеді, – деді Гүлмира Қожахметова.

Мекемедегі балалар бұрынғыдай таңнан-кешке дейін бір топта ғана отырмайды. Балабақша бұл жүйеден түбегейлі бас тартып, модульдік форматқа көшкен. Әр модульдің өз бағдарламасы және жеке педагогы бар.

– Бізде сегіз модуль жұмыс істейді. Оның ішінде - STEM-білім беру зертханалары, робототехника, LEGO-құрастыру, ағылшын тілі, инклюзия, «Дыбыстар» модулі сонымен қатар балалармен логопед-дефектолог та жұмыс істейді. Бұдан бөлек, бассейн, фитнес-хореография, сондай-ақ «Адал азамат» модулі бар. Осының аясында біз қазақ тілін өзге ұлттың балаларына да үйрете аламыз, – деп түсіндірді гимназия басшысы.

Сонымен қатар, балалар тігін құралдарымен жұмыс жасауды үйренбек. Олар уақытша тігінші мен дизайнер бола алады. Жас инженер-конструкторлар болашақ бұйымдардың макеттерін жасайды, мысалы, қыздарға арналған әшекейлерді өздері жасап үйренеді. 

Ал STEM-модульдерінде 4-5 жастағы балалар өз жобаларын ұсынып, цифрлық зертханалармен жұмыс істеуді, электр энергиясының негіздерімен, материалдардың қасиеттерімен танысып, макеттер құрастыратын болады.

Ал кішкентай бүлдіршіндер болса мұндай форматта оқу өздеріне ұнайтынын айтады.

– Маған роботты жинау және конструктормен ойнау өте ұнайды. Біз сондай-ақ математика мен әртүрлі дыбыстарды үйренеміз, – дейді бес жасар Альтаир Балиев.

Арнайы назар инклюзивті білім беру мен тіл дамуына бөлінеді. «Дыбыстар» модулінде балалармен логопед-дефектолог жұмыс істейді. Бұл оқу бағдарламасы ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар үшін бейімделген.

Гимназия мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Ата-аналар баланың тамағына төлесе, негізгі білім беру бағдарламасы тегін ұсынылады. Алайда, ата-аналардың қалауы бойынша қосымша ақылы сабақтар да бар. Мәселен, ағылшын және қазақ тілдерін тереңдетіп үйрену, робототехника, LEGO-құрастыру, сөйлеу қабілетін дамыту және жеке жүзу сабақтарын қосымша алуға мүмкіндіктер қарастырылған.

Жүзу негізгі білім беру бағдарламасына кіреді және үш жастан бастап балаларға қолжетімді.

– Оқыту бағдарламасы ойын түрінде құрылған. Біз заманауи сауықтыру технологияларын, суға сүңгу, тыныс алу жаттығулары мен фитнес элементтерін қолданамыз, – деді жүзу бойынша нұсқаушы Олег Молоков.

Мектепке дейінгі гимназияға қабылдау электронды кезек арқылы, Indigo жүйесімен ваучерлік негізде жүргізіледі.

– Кез келген ата-ана баласын бос орындар болған жағдайда бізге бере алады. Бізде қабілетке қарай іріктеу жоқ, балалар әдеттегідей қабылданады, – деп атап өтті гимназия басшысы.

Инновациялық білім беру орталығының жетекшісінің орынбасары Ляззат Серікбаеваның мәліметі бойынша, өңірде 388 балабақша жұмыс істейді. Оған 30 мыңнан астам бала барады. Соңғы үш жылда 2-6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы 95 пайызға дейін өсті, ал балабақшалардағы кезек екі есе қысқарды. Бұл мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігінің артқанын және жаңа оқу форматтарының енгізілгенін білдіреді.