Павлодарлық оқушылардың көбі олимпиадада ағылшын тілін таңдады

Павлодарлық оқушылардың көбі олимпиадада ағылшын тілін таңдады
Фото: Константин Шелков

4-5 қаңтар күндері республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру бақармасының мәліметінше,олимпиада Аманжол Шамкенов атындағы лицей-мектебінде жалпы білім беру ұйымдарының 9-11-сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 15 пән бойынша ұйымдастырылады. Оқушы олимпиадаға тек бір пән бойынша қатыса алады.

– Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімдері мен тәжірибелік ептілігін тереңдету, жеке тұлғаның өзін-өзі танытуына, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, халықаралық олимпиадаларға қатысушыларды іріктеу және дайындау, еліміздің білім беру беделін арттыру, – дейді басқармада.  

Олимпиадаға облыстың үш қаласынан, 10 ауданынан және 13 мамандандырылған білім беру ұйымынан 26 команда өзара сынға түседі.  Дәлірек айтқанда барлығы 730 оқушы қатысады. 

Айта кету керек, оқушылардың көбі  ағылшын тілін таңдаған.  Бұл пәнге қызығушылардың саны – 74. Екінші орында «Қазақстан тарихы» пәні – 72 оқушы. География пәнін таңдағандардың саны – 67 болса, биология пәнін таңдағандар – 66.