Павлодарлық блогер заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін жазаланды
Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде заңсыз лотереялық ұтыс ойындарын ұйымдастыру жағдайлары жиілеп кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігіне алданған азаматтардан түсетін шағымдар көбейіп отыр. Ведомство қызметкерлері құқық қорғау органдарымен бірлесіп тұрақты негізде интернет кеңістігіне мониторинг жүргізіп келеді.
– Нәтижесінде өзінің Instagram парақшасында заңсыз лотерея ұйымдастырған павлодарлық блогерге қатысты әкімшілік бұзушылықтар туралы хаттама жасалды. Сонымен қатар министрлік әкімшілік құқық бұзушылық туралы сотқа тағы 5 хаттама жолдады. Бұдан бөлек 35-тен астам жағдай бойынша хаттамалар дайындалып жатыр,– деді ҚР Туризм және спорт министрлігінде.
Қазақстан Республикасының «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңына сәйкес лотерея операторы немесе оның агенті емес адамның лотерея өткізуіне тыйым салынады.
Министрлік азаматтарға заңсыз лотереяны, оның ішінде әлеуметтік желілерде ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.