Павлодарлық дәрігерлер: адам өмірі мен денсаулығын қорғау бәрінен қымбат

Павлодарлық дәрігерлер: адам өмірі мен денсаулығын қорғау бәрінен қымбат
Фото: Константин Шелков

Өңірде зейнет жасына шықса да, еңбек етіп жүргендер жетерлік, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында медицина қызметкерлері күніне арналған шара өтті. Жиында денсаулық сақтау саласының үздік өкілдері марапатталды. 

Марапат иелерінің қатарында Ақсу қалалық ауруханасының жалпы тәжірибе мейіргері Мәуле Жұмадірова бар. Денсаулық сақтау саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман бұл күнді ерекше әсермен еске алады. Кәсіби маманға Павлодар облысы әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Ал өткен жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталдым. Қазір зейнеткермін, зейнетке шыққаныма алты жыл болды. Соған қарамастан еңбек жолымды жалғастырып, халық денсаулығы үшін қызмет етіп келемін. Осындай құрмет көрсетіліп, еңбегіміздің бағалануы –біз үшін үлкен қуаныш, – дейді Мәуле Жұмадірова.

Мейіргердің айтуынша, марапаттау рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қатысушылармен алдын ала дайындық жүргізіліп, салтанатты шараның әр кезеңі мұқият пысықталған. Ақ халатты абзал жан бүгінде Ақсу қаласындағы Железнодорожный шағынауданында тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді.

Ал «Өмір сыйлайтын алтын қолдар» аталымының иегері Ирина Красильникова бүкіл еңбек жолын ана мен бала денсаулығын қорғауға арнаған. Ол медицинадағы 38 жылға жуық тәжірибесі барысында мыңдаған сәбидің дүниеге келуіне куә болған.

Мамандығымды, жұмысымды ерекше жақсы көремін. Өйткені, біздің еңбектің нәтижесі бірден көрінеді. Күн сайын жаңа өмірдің дүниеге келуіне куә болып, отбасыларға қуаныш сыйлаймыз. Баланың өмірге келуі – әр отбасы үшін үлкен бақыт, – дейді дәрігер.

Ирина Красильникова еңбек жолын 1988 жылы бастаған. Қазіргі таңда ол облыстық перинаталдық орталықта қызмет атқарады. Соңғы онжылдықтарда медицина саласы түбегейлі өзгеріп, жаңа технологиялар мен заманауи жабдықтардың арқасында көрсетілетін көмектің сапасы айтарлықтай артқан.

Перинаталдық орталықтағы құрал-жабдықтар әлемдік стандарттарға сай. Сондықтан әйелдер мен сәбилерге жоғары білікті көмек алу үшін басқа өңірлерге барудың қажеті жоқ. Біздің орталық тек жүкті әйелдерге ғана емес, түрлі патологиямен дүниеге келген нәрестелерге де көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда жаңа туған сәбилерге операциялар жасалады, – дейді ол.

Дәрігердің айтуынша, ана мен бала денсаулығын сақтау – бір маманның емес, тұтас ұжымның еңбегі. Бүгінде акушер-гинекологтар, неонатологтар, хирургтер мен өзге де медицина қызметкерлері бір команда болып жұмыс істеп, өңір тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіп келеді.

Медицина қызметкерлері күні – адам өмірі мен денсаулығын қорғауды басты міндетіне айналдырған жандарға көрсетілетін құрметтің белгісі.