Достық шағын ауданында жедел жәрдем станциясы салына ма?

Достық шағын ауданында жедел жәрдем станциясы салына ма?
Фото: Константин Шелков

Жобаны қолға алу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Қанадан Ахметжанов мәлім етті.

– Қала өсіп келеді. Достық шағын ауданында жедел жәрдем станциясы ауадай қажет, – деп түсіндірді Қанадан Ахметжанов. – Жобада тұрған еді, бірақ әзірге ешқандай өзгерістер жоқ, бұл бастама тоқтап қалды. Біз денсаулық сақтау басқармасына жобаны жаңғырту бойынша хатты дайындап жатырмыз. 

Оның сөзінше, бүгінде облыс орталығында төрт жедел жәрдем станциясы жұмыс істеп тұр. Көбіне салмақ әуежай, Диспетчер, Усолка шағын ауданына түседі.

– Достық шағын ауданында жедел жәрдем станциясын ашатын болсақ, ол жерге кемінде жеті бригада керек болады, – деп атап өтті спикер. 

Еске сала кетейік, былтыр денсаулық сақтау басқармасы Достық шағын ауданында жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының құрылысы және бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымын салмақ болған. Бірақ құрылыс уақыты белгісіз еді.