Президенттік сынақтар: павлодарлық полицейлер жеңіс тұғырынан көрінді
Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері аталмыш чемпионатта табысты өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Олар жарыс барысында дене дайындығы мен төзімділіктің жоғары деңгейін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшылары бақ сынаған чемпионат салауатты өмір салтын насихаттауға, дене шынықтыруды дамытуға және қатысушылардың физикалық дайындығын арттыруға бағытталған.
Жарысқа Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері қатысып, күш-жігері мен жеңіске деген ұмтылысын танытты. Нәтижесінде ішкі істер органдарының ардагері Қанат Шәкуов пен Павлодар қаласы оңтүстік полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінде жедел уәкіл қызметін атқаратын полиция капитаны Алина Жұмабек жүлделі орындарға ие болды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мұндай спорттық іс-шараларға қатысу қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға, жақсы физикалық қалыпты сақтауға және ішкі істер органдарындағы спорттық дәстүрлерді жалғастыруға ықпал етеді.
Ведомство өкілдері жүлдегерлерді сәтті өнер көрсетуімен құттықтап, алдағы уақытта да жаңа спорттық жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірді.