Тұмауға қарсы вакцина: қанша павлодарлық екпе алды?

Тұмауға қарсы вакцина: қанша павлодарлық екпе алды?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Дәрігерлер аймақ халқының 10%-дан астамын екпемен қамтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев тұмаудан болатын аурушаңдықты, асқынулар мен өлім-жітімді азайтудың ең тиімді шарасы вакцинация екенін атап өтті. Айтуынша, бүгінде тұрғындар арасында тұмауға қарсы екпеге деген сенім арта түскен. Ал аталған бағыттағы түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді.

– Өңірде  76 мың тұрғыны тұмауға қарсы вакцина алды. Жалпы, ағымдағы эпидемиологиялық маусымда тұмау жағдайлары тіркелген жоқ. Дегенмен, тұмаудан басқа респираторлық вирустарды анықтау мақсатында 177 үлгі зерттеліп, оның 28 – інен оң нәтиже анықталды, – деді Батырбек Әлиев.

Өңірде 22 инфекциялық ауру түрі бойынша сырқаттанушылық деңгейінің төмендегені байқалады. Атап айтқанда, жедел вирустық гепатиттер 55,5% – ға, желшешек 10% – ға, жедел ішек инфекциялары 11,6% – ға, ал серозды менингит 21,4% – ға азайған.

ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін мамандар қолды сабынмен жиі жууды немесе тері антисептиктерін қолдануды, суық тию немесе тұмау белгілері бар адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болуды ұсынады.

Сондай-ақ бөлмелерді жиі желдетіп, үйде және жұмыс орнында тазалық сақтаудың маңызы зор екенін еске салады. Дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйықтау және дене белсенділігін сақтау да денсаулықты нығайтуға көмектеседі.