Павлодарлық экспорттаушыларға жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады

Павлодарлық экспорттаушыларға жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бағдарлама шетелдік серіктестермен жұмыс істейтін кәсіпорындарға айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі (ЭКА) экспорттаушыларға қаржылық және сақтандыру құралдары арқылы кешенді қолдау көрсетуді жалғастыруда. Ең сұранысқа ие құралдардың бірі – экспорт алдындағы қаржыландыру.

Бұл тетік экспорттық өнім өндіретін, жұмыстар орындайтын немесе қызмет көрсететін кәсіпорындарға айналым қаражатын толықтыру үшін төмендетілген сыйақы мөлшерлемесімен қарыз алуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама аясында экспорттаушы алдымен шетелдік сатып алушымен төлемді кейінге қалдыру шартымен келісімшарт жасасады. Одан кейін Экспорттық-кредиттік агенттікпен сақтандыру шартын рәсімдеп, қаржыландыру алу үшін банкке жүгінеді.

– ЭКА банкте шартты депозит орналастырады. Соның негізінде банк экспорттаушыға айналым қаражатын толықтыру үшін қарыз береді, – деп түсіндірді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының баспасөз қызметі.

Қаржыландыру алған кәсіпорын тауарды дайындап немесе қызмет көрсетіп, өнімді сатып алушыға жеткізеді. Экспорттаушы сақтандыру сыйлықақысын төлейді және келісімшарт талаптары орындалғаннан кейін қарызын өтейді.

Егер шетелдік сатып алушы өз міндеттемелерін орындамай, төлем жасамаса, Экспорттық-кредиттік агенттік экспорттаушының шығындарын өтейді.

Мамандардың айтуынша, бұл құрал экспорттық келісімшарттарды орындау кезінде қаржылық тәуекелдерді азайтып, кәсіпорындардың жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік береді.

Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі экспорттаушылар үшін қаржыландыру мен сақтандыру тетіктерін ұсына отырып, отандық бизнестің халықаралық нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.