Павлодарлық машинистер «болашақ локомотивтеріне» ауысады
Өңірде маневрлік локомотивтер паркін толық жаңарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар локомотив депосында CKD, ТЭМ2KZ, ТЭ33А сериялы заманауи тепловоздар 2013 жылдан бері кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Ал 2025 жылы Қытайдың теміржол жылжымалы құрамын шығаратын корпорациясымен 200 локомотив жеткізу туралы келісімшарт жасалып, жаңартудың жаңа кезеңі басталды.

Жаңа техниканы сынақтан өткізіп үлгерген машинистердің айтуынша, CKD6s тепловоздары жоғары деңгейдегі автоматтандырумен ерекшеленеді. Бұл маневрлік жұмыстардың тиімділігі мен қауіпсіздігін айтарлықтай арттырады.
– Бақылау деңгейін күшейту үшін қозғалыс барысында теміржол жағдайын тіркейтін бес бейнекамера орнатылған. Бұл «көзге көрінбейтін аймақтарды» азайтып, локомотив бригадасының жұмысын жеңілдетеді. Локомотив заманауи радиобайланыс құралдарымен жабдықталған, байланыс тұрақты. Сонымен қатар, кабинада жоғары деңгейдегі дыбыс оқшаулау мен климат-бақылау жүйесі қарастырылған. Бұл әртүрлі ауа райы жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеуге өте қолайлы, – дейді машинистер.

Локомотив бригадалары ауысымдық кесте бойынша жұмыс істейді: күндізгі, түнгі ауысым және одан кейін 48 сағат демалыс беріледі. Мұндай режим жоғары жүктемемен байланысты және жұмысшылардың қалпына келуіне мүмкіндік береді.
Маневрлік тепловоздар өнеркәсіптік қала жағдайында аса қажет. Олар өндірістік нысандарға, қоймалар мен сауда алаңдарына барып, вагондарды тиеу-түсіру орындарына жеткізеді. Сондай-ақ станция парктері арасында үнемі вагондарды ауыстырып, қайта орналастыру жұмыстарын атқарады.

Жаңа техниканы меңгеру машинистерден тыңғылықты дайындықты талап етті. Павлодарлық мамандар жоғары технологиялы, заманауи электроникамен жабдықталған локомотивтерді басқармас бұрын Қытайда арнайы оқудан өткен.

Білім беру басқармасының мәліметінше, бұл жаңартудың білім беру саласына да ықпалы зор. Жаңа техниканы енгізу процесіне электроника және коммуникациялар жоғары колледжінің студенттері де тартылып, олар заманауи локомотивтерді тәжірибе жүзінде алғашқылардың бірі болып меңгеру мүмкіндігіне ие.
Маневрлік локомотивтер паркін толық жаңарту өңірдің теміржол инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ.