Павлодарлық оқушы Халықаралық биология олимпиадасында ел намысын қорғап жатыр

Павлодарлық оқушы Халықаралық биология олимпиадасында ел намысын қорғап жатыр
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Беделді білім додасы Литва астанасы Вильнюсте өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 37-ші Халықаралық биология олимпиадасына (International Biology Olympiad, IBO-2026) Қазақстан құрамасы атынан Павлодар облысының оқушысы Қайыркен Ерсұлтан қатысуда.

Ол – Павлодар облысы білім беру басқармасының дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» облыстық лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.

Биылғы олимпиадаға әлемнің 80-нен астам елінен үздік жас биологтар жиналды. Қатысушылар теориялық білімдерімен қатар зертханалық жұмыстар мен тәжірибелік тапсырмалар бойынша сынға түседі.

Арнайы оқу-жаттығу жиындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасына төрт оқушы енді. Командаға ұлттық жаттықтырушы, медицина докторы Лейла Аскарова, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының әдіскері Ильяс Сакимов және Астана медицина ғылымдарының университетінің студенті Дінмұхаммед Уразбаев жетекшілік етеді.

Айта кетейік, Қазақстан Халықаралық биология олимпиадасына 1994 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Өткен жылы ұлттық құрама төрт қола медаль жеңіп алып, барлық қатысушы жүлдегер атанған болатын.