Испанияда жаңбырдың салдарынан қауіптің қызыл деңгейі жарияланды
Мадрид пен Валенсияның іргелес аймағы арасындағы пойыздардың қозғалысы тоқтап тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Sky News телеарнасына сілтеме жасап.
Испанияның Ұлттық метеорогиялық агенттігі ел астанасында, Толедо өлкесі мен Кадис қаласында нөсер жаңбырдың салдарынан қауіптің қызыл деңгейін жария етті.
Жексенбі күні де Мадрид пен оған тақау аудандарда қатты жауынға байланысты ескерту жарияланған болатын.
Мадрид пен Валенсияның іргелес аймағы арасындағы пойыздардың қозғалысы тоқтап тұр. Мадрид мэрі Хосе Луис Мартинес-Алмейд апаттың алдын алу бригадасы жедел жұмыс істеуі үшін қала тұрғындарын көшеге шықпауға шақырды.
Метеорологтардың болжамына сәйкес, Мадридте 12 сағаттың ішінде бір шаршы метрге 120 литр жаңбыр жауады. Мұндай рекорд 1972 жылы тіркелген болатын. Ол кезде бір шаршы метрде 87 литр жауын жауған еді.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Испания чемпионатындағы «Атлетико» мен «Севилья» футбол командалары арасындағы ойын кейінге шегерілді.
Тамыз айында Испанияны жайлаған аптап ыстықтың орнын нөсер жаңбыр басқаны жайлы айтылуда. Испанияның бүкіл тарихындағы ең ысық күні Андалусияда тіркеліп, сынап бағаны 47,2 (116,96F) градусқа дейін көтерілген болатын.