Титаник маңында қаза тапқан жас жігіт мұхит түбінде әлемдік рекорд орнатқысы келген
«Титан» батискафының қаза тапқан бес жолаушысының бірі, 19 жастағы Сүлейман Давуд өзімен бірге Рубик текшесін алып, мұхит түбінде әлемдік рекорд орнатқысы келген. Бұл туралы ВВС агенттігіне берген сұхбатында оның анасы айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Батискаф мұхит түбіне сүңгімес бұрын Сүлейман Гиннестің рекордтар кітабына өтініш берді, ал оның әкесі Шахзада Давуд баласының рекордын түсіру үшін видеокамера ала шыққан.
Кристин Давуд пен оның қызы Алина «Титанмен» байланыс жоғалғанын естіген кезде сүңгуір қайықты мұхит түбіне аттандыру үшін пайдаланылған Polar Prince зерттеу кемесінің бортында болатын.
«Сол сәтте бұл ақпаратты қабылдай алмай, бұл нені білдіретінін түсінбедім, содан кейін мен үшін дүниенің бәрі айналып кетті», - деді ол алғашқы сұхбатында.
Айтуынша, күйеуімен бірге «Титаникті» тамашалаймын деп жоспарлаған, бірақ сапары коронавирус пандемиясына байланысты тоқтатылды.
Содан кейін ол бұл идеядан бас тартып, ұлына экспедицияға қатысуға мүмкіндік беруді шешті.
Кристин Давудтың айтуынша, ұлы спидкубингпен айналысып, Рубик текшесін өзімен бірге барлық жерде алып жүрген.
Ол Сүлейманның көпшілікті текшені 12 секундта жинау қабілетімен таңқалдырғанын айтты.
Оның айтуынша, Сүлейман Рубик текшесін 3700 метр тереңдікте, «Титаник» кемесінің жанында жинағысы келген.
Сүлейман Глазгодағы Стратклайд университетінің студенті болатын.
Еске сала кетейік, бір апта бұрын «Титан» батискафы Титаник кемесінің мұхит түбінде, 3,7 км тереңдікте жатқан қаңқасын көру үшін су астына түсті.
Шамамен 1 сағат 45 минуттан кейін сүңгуір қайықпен байланыс үзілді.
Ауқымды іздестіру-құтқару операциясы Ньюфаундленд (Канада) жағалауында жергілікті уақыт бойынша 17:40 шамасында, «Титан» су бетіне шығуы тиіс болғаннан кейін шамамен үш сағат өткен соң басталды.
АҚШ жағалау күзеті Солтүстік Атлант мұхитында жоғалып кеткен «Титан» сүңгуір қайығын іздестіру аймағынан әлдебір жүзу құралының жарықшақтары мен сынықтары табылғанын хабарлады.
Бортта болған бес адам да қаза тапқан.
Сарапшылар «Титан» батискафының қирауына не себеп болғанына өз болжамын айтты.