Павлодарлықтарға көне мамонтқа ат қою ұсынылды

Павлодарлықтарға көне мамонтқа ат қою ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Музейдегі алып қаңқаға өңірдің тарихы немесе географиясымен байланысты атау іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі көп жылдан бері келушілерді кіреберістен қарсы алатын мамонтқа ат қою үшін байқау жариялады.

Музей мәліметінше, қаңқаның шамамен 80 пайызы Ертіс өңірінің әртүрлі аумақтарынан табылған мұз дәуірі жануарларының сүйек қалдықтарынан құрастырылған. Олардың қатарында Железин және Ертіс аудандарынан табылған сүйектер бар. Қалпына келтірілген мамонт қаңқасының биіктігі – 2 метр 38 сантиметр. Сақталған азу тісінің ұзындығы 1,8 метрге жетеді.

Мамонтқа жеке ат беру туралы мәселе Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде көтерілген. «Әділет» партиясының Павлодар қалалық филиалының жетекшісі Сүлеймен Сыздықов әлемнің басқа музейлеріндегі тарихи жәдігерлерге атау беру тәжірибесіне назар аударған.

– Сіздердің мамонттарыңыздың неге өз аты жоқ? Басқа елдерде мұндай тарихи жәдігерлердің өз атаулары бар. Бұл – әлемдік тәжірибе, – деді ол.

Осы ұсыныстан кейін музей мамонтқа ат таңдау үшін тұрғындардың пікіріне жүгінуді ұйғарған. Байқауға кез келген адам қатыса алады. Басты талап – ұсынылған атау есте қаларлық, үйлесімді әрі Павлодар өңірінің географиялық немесе тарихи ерекшеліктерін танытуы керек.

Ұсыныстар 25 қазанға дейін музейдің байқау туралы жазбасының астындағы пікірлерде немесе pavl.muzei@yandex.kz электрондық поштасы арқылы қабылданады.

Музейде бұдан бөлек «ERTIS» музейіндегі тағы бір мамонт пен бірегей ірі мүйізді бұғының қаңқасы сақталған. Егер алғашқы байқау көпшіліктің қызығушылығын тудырса, екінші мамонтқа да ат қою жоспарланып отыр.