Екібастұзда ұлттық нақыштағы қысқы шапандарға сұраныс көбейген
Көпбалалы ана әрі ісмер Гүлбақыт Қансызбайқызы қолөнерді жанына серік еткеніне біраз уақыт болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Он саусағынан өнер тамған шебердің негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. 2003 жылы Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжді бітірген. Дегенмен, отбасын құрған соң балалардың тәрбиесіне көбірек көңіл бөліп, қолөнерге бет бұрған. Ісмер Гүлперизат Өтебаеваның екі күндік шеберлік сағатына қатысып, қыз жасауын тігуді қолға алған.
Қазіргі таңда ұлттық өрнектермен айшықталған және атаулы шапандар мен камзолдар, балаларға арналған ұлттық киімдер тігеді.
– Аллаға шүкір, тапсырыс көп. Бұл жылдар мен үшін табысты болды. 2022 жылдан бастап сырма шапандарды қолға алдым. Сыртқы киім ретінде киюге өте ыңғайлы, жеңіл әрі жылы, терлетпейді. Бүгінде қысқы шапандарға сұраныс артты, – деді ол.
Шебердің отбасы ұлттық нақыштағы киімдерді киюді әдетке айналдыған. Тіпті, қыздары да қысқы куртканың орнына дәл осы қысқы шапандар киіп жүреді.
– Көпшілік шапандар мен камзолды Қырғызстаннан сатып алып жатады. Сол кезде неге өзіміздің ұлттық киімді шығармасқа деген сұрақ туындады. Әр ұлттың ұлттық киімі – ұлттық болмысының көрінісі. Жалпы, адамның сыртқы киімі ұлттың болмысы, мәдениеті туралы сыр шертеді. Өзіміздің досымыздың баласына қыран құстың суреті бар атаулы шапан тігіп берген едім. Сол кішкентай патриот үйдің ішінде де үстінен шешпей қойған, – деп күледі қолөнерші.
Ісмер 2019 жылы «Алтын ою» жеке кәсіпкерлігін ашқан, мемлекетен 505 мың теңге шағын грант алып, жеке кәсібін бастаған. Кейін көпбалалы ана ретінде «Өркен» орталығынан он сегіз шаршы метр орынжайда жұмыс істеген, ал бүгінде өзінің бұрынғы үйін шеберхана ретінде пайдалануда.
– Ересек адамға шапан тігу үшін үш-төрт сағат уақыт кетеді. Бұл жұмыс үлкен еңбекті талап етеді. Бастапқыда кішкентай сырма шапан тіктім. Жалпы, перделер мен үстелге жабатын дастархан, қоржындар, кез келген тапсырысты аламын. Көрпешелерге көбінесе қошқар мүйіз оюларын қолданамын, – дейді ол.
Шебер Екібастұздан басқа, Семей, Астана, Алматы қалаларынан тапсырыс түсіп жататынын айтады. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын ыңғайлы әрі сәнді жазғы етіктер тоқумен айналысқан.
Айта кетерлігі, Гүлбақыт Қансызбайқызы – «Алтын алқа» иегері. Үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені – 21-де. Қазіргі таңда Түркия мемлекетінде тұрады, дін мамандығына білім алуда. Екінші ұлы да Нұр-Мүбәрәк университетінде грантта оқиды. Ең кішкентайы – екі жарым жаста.
Қолөнершінің мақсаты – ұлттық киімдерді барынша насихаттау, заманауи үлгіде, күнделікті киіп жүретіндей деңгейге жеткізуге үлес қосу.