«Этно сән»: Павлодарда еліміздегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері бас қосты
Іс-шараға 70-ке жуық адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік «Қоғамдық келісім» сарайының басшыларына арналған республикалық семинар ұйымдастырылды.
Аталмыш семинар «Қоғамдық келісім» сарайының этномәдени бірлестіктермен және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға бағытталған.
– Аймағымызда республикалық семинар өткізілуде. Біз «Қоғамдық келісім» сарайы, «Достық үйінің» басшыларын жинадық. Түстен кейін үш аумақты аралау жоспарланған, – дейді «Қоғамдық келісім» сарайының басшысы Нұрия Көбенова.
Оның айтуынша, семинар аясында қызықты бағдарламалар ұсынылды. Бірінші жарты күнде «Достық үйінің» мәжіліс залында пленарлық жұмыс жоспарланса, ал екінші жарты күнде «Алтын сақа» шығармашылық инновациялық орталығында экскурсиямен қатар «Колөнер – дәстүр жалғасы» атты шеберлік сабағын өткізді.
Кейін бағдарлама шеңбері бойынша қонақтар Павлодар сервис және тамақтану колледжіндегі студенттер ассамблеясының «Колледждегі Қазақстан халқы Ассамблеясы: жастарды табысты әлеуметтендіру және өзін-өзі тиімді жүзеге асыру моделі» атты сахналық қойылымдарын, концерттік бағдарламаларын тамашалады. Кезекті қала экскурсиясы трамвай-кафеде жалғасын тапты.
– Біздің негізгі міндетіміз – басты этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылды үйлестіру. Павлодар облысының жұмыстарын еліміздің аймақтарына таныстыру, – дейді басшы.
Сонымен қатар, республикалық семинар «Қоғамдық келісім» сарайы жұмысының үздік тәжірибелерін көрсетуді, Павлодар облысы ҚХА-ның барлық құрылымдарының қызметін «Қоғамдық келісім» сарайының жобаларын ықтимал масштабтаумен одан әрі интеграциялауды, барлық мүдделі ведомстволар мен ұйымдарды, жұртшылықты Қазақстан халқы Өңірлік Ассамблеясының қызметіне тартуды көздейді.
Бағдарлама соңында «Достық үйінде» ерекше форматтағы «Этно сән» атты жастар жобасы, жастар қанатының белсенділерімен жұптасқан ЭКО төрағаларының қатысуымен ұлттық костюмдер шеруі ұсынылды. Этномәдени бірлестіктер төрағалары мен «Қоғамдық келісім» қызметкерлері «Шығармашылық дуэттер» жобасы аясында қазақ тілінде танымал әндерді шырқады.
– Қазақша әндерді шырқау арқылы тілімізді насихаттаймыз, ана тілімізге құрмет көрсетеміз, - дейді Нұрия Көбенова.
Айта кетейік, семинар аясында Павлодар облысы поляк ЭМБ және ҚХА ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ «Этнокухня» тележобасы мен кондитерлік шеберхана аймақ басшыларын таң қалдырды.