Павлодарлық ардагерлер бірегей ұйым ойлап тапты
Павлодар облыстық ардагерлер кеңесі жанынан сарапшылық кеңес құрылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл бастама 2026–2030 жылдарға арналған ардагерлер қозғалысын дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Тұжырымдамада ардагерлердің әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысуын кеңейту, ұйым белсенділерін оқыту және зейнеткерлерді қолдаудың жаңа тетіктерін енгізу көзделген.
Жаңа кеңестің құрамына экономика мен қоғамдық өмірдің түрлі салаларында тәжірибесі мол мамандар енді. Сарапшылық кеңесті мемлекеттік қызмет ардагері, Павлодар қаласының бұрынғы әкімі және облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Александр Рюмкин басқарды.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Гүлнәр Исенованың айтуынша, мұндай кеңес Қазақстанда алғаш рет құрылып отыр.
– Бұл – еліміздегі алғашқы осындай тәжірибе. Біз қоғамдық ұйым болғандықтан, өз құрылымымызда түрлі кеңестер құруға құқылымыз. Сарапшылық кеңес ардагерлер ұйымдарының беделін арттыруға және тұжырымдаманы іс жүзінде жүзеге асыруға арналған маңызды алаң болады, – деді ол.
Оның сөзінше, Сарапшылық кеңестің қызметі «Қоғамдық бақылау туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдарға негізделеді. Кеңес қоғамдық тыңдаулар өткізуге бастамашылық жасап, нормативтік-құқықтық актілер мен мемлекеттік органдардың шешімдеріне қоғамдық сараптама жүргізуге, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, баға саясаты және азаматтардың мүддесіне қатысты өзге де салаларда қоғамдық мониторинг ұйымдастыруға атсалысады.
Кеңес құрамына жеті тәжірибелі сарапшы енген. Олар өз салалары бойынша қоғамдық маңызы бар мәселелерге кәсіби баға беріп, ардагерлер ұйымының бастамаларын іске асыруға қолдау көрсетеді.