Павлодарлық дәрігерлер кәсіпорындардағы жазатайым оқиғаларды талдауға қатысуда
Бұл оқиғаның нақты себебін анықтауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абылай Сабыровтың айтуынша, бүгінде тек оқиғаның себептерін анықтау ғана емес, сонымен қатар тәуекелдерді дәл бағалау үшін оның медициналық салдарын да ескеру маңызды.
– Денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп өндірістік жарақаттануды кешенді талдау жүргізілуде. Бұл нақты профилактикалық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Абылай Сабыров.
Мұндай тәсіл жазатайым оқиғалардың тек мән-жайын ғана емес, сонымен бірге олардың қызметкерлердің денсаулығына тигізген әсерін анықтауға көмектеседі. Бұл деректер кейін қауіпсіздік шараларын әзірлеу кезінде пайдаланылады.
Өз кезегінде Павлодар облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті кәсіпорындардағы барлық жазатайым оқиғалардың тергелуін бақылауды қамтамасыз етеді.
– Әрбір дерек бойынша себептерді жоюға және осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеуге бағытталған шаралар қабылданады, – деді департамент басшысының орынбасары.
Жазатайым оқиғалар мен медициналық деректерді талдау негізінде өңірде алдын алу шараларының кешені қалыптастырылуда. Олардың қатарында еңбек қауіпсіздігі мамандарының қатысуымен өтетін дөңгелек үстелдер, жұмысшыларды оқыту, сондай-ақ оқиғалардың себептерін талдап, ақпаратты кәсіпорындарға жеткізу бар.
Өңірлік үшжақты комиссияның отырысына да ерекше назар аударылады. Онда еңбек жағдайы мен қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер талқыланады.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері ретінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы, өндірістік бақылаудың әлсіздігі және технологиялық процестердің сақталмауы қалып отыр. Осыған байланысты өңірде профилактиканы күшейтуге және жұмыс берушілер мен қызметкерлердің жауапкершілігін арттыруға басымдық берілуде.