Павлодарлық ана: Сырға салудың сыры тереңде

Павлодарлық ана: Сырға салудың сыры тереңде

Қыз ұзату – тұрмыс құрып жатқан қыз балаға арналып жасалатын той. Бұл ежелден келе жатқан маңызды отбасылық дәстүр.

«НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Нұршат Нұрғалиева @Pavlodarnews.kz тілшісіне қыз ұзатуға қатысты бар салт-жоралғылар мен ғұрыптарды түсіндірді. 

Болашақ жолдасының үйінің шаңырағына шығарып салу үшін үйлену тойының алдында қыз ұзату өткізіледі. Екі жастың ата-анасы өзара келісіп, күнді белгілейді. Ұзату тойын қыз жақтан ата-анасы жасайды. Оның алдында сырға салу, құдалық сияқты рәсімдер жасалады.

– Ер баланың ата-анасы құдаласып болғаннан кейін қыздың үйіне келіп, шашуын шашып, сырға салады. Яғни, осы үйдің қызы солардың болашақ келіні екенін белгілеп кетеді, – деді Нұршат Нұрғалиева. – Мысалы, бүгінде қызды ұзатқан күні де сырғасын салатындар бар. 

Сырға салу – сүндет 

Халық арасында тараған аңыз бойынша, Ыбырайым пайғамбар Бибісара анамыз жасы тоқсаннан асса да құрсақ көтермеген соң Бибіажар есімді күңіне үйленеді. Көп ұзамай Бибіажар анамыз құрсақ көтереді. Тоқалдың жүкті екенін білгенде Бибісарада қызғаныш пайда болады. Оны сезіп қойған Ібіліс Бибісараға ерінің Ажарды артық көретінін айтып айдап салып, өш алуға итермелейді. Сол кезде қызғанышқа бой алдырған Бибісара «Ажарды екі жерден жаралаймын» деп ант ішеді.

Сол түні Бибісара анамыз түс көреді. Түсінде алып шынар ағашын егіп жатыр екен. Шынар тез өсіп, айналасына саясын төгеді. Ояна салып, түсін күйеуіне жорытады.

– Ұзамай ұлды боласың. Ұлың пайғамбар болады, – дейді Ыбырайым.

Бибісара анамыз қатты қуанады. Алайда «Ажарды өлтіремін» деген анты есіне түсіп кетіп, қызғаныштан Ажарды жаралайтыны туралы ант бергенін айтады.   Сонда Ыбырайым іштарлық Ібілістің сипаты екенін және оның Алланың дәргейінен қуылғанын айтады. 

– Көңіліңді қызғанышқа билетпе. «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғар үстіңе» деген. Енді антты шартты түрде болса да орындау керек. Ол үшін Ажардың құлағын ғана жараласаң жетер, – дейді Ыбырайым.

Бибісара анамыз қолына қанжар алып, Ажардың екі құлағының сырғалығын тесіп жарақаттайды. Екі құлағынан қан сорғалап, Ажардың көркі қашады. Сара қанды көріп, шошып кетеді. Сол кезде Алланың әмірімен Жебірейіл періште пейіштен екі сырға әкеліп, Ажар анамыздың қос құлағына тағады. Жәннаттың лағыл тасын тағынғанда Ажар хор қызындай сұлу болып шыға келеді. Әйелдерге сырға тағу сол кезден бастап сүннет боп қалған екен.

Қыздың жасауы

Ұзатылатын қыздың ата-анасы жаңадан отау құратын үйіне керек нәрсесін алып береді. 

– Қыздың жасауына төсек орын: құрақ көрпе, жастық, жамылатын көрпе кіреді. Мысалы, Шымкентте қыз жасауына төсек-орынмен қатар жаңа киімдерді салып, толтырады,– деп атап өтті Нұршат Нұрғалиева.

Қыздың жасауын алуға оның жақын ағайын туыс, жеңгелері де қолдан келгенше көмектеседі. Бұл қыз барған жерінде қиналмай, ешкімге күні қарамасын деген мақсатпен жасалатын әдет. Қалыңдықтың жасауына көмектескен жеңгелеріне кейіннен кәдесі беріледі.

Шарғы 

Қыз ұзатуда болашақ келін өзінен кейінгі сіңілілеріне, құрбыларына ырымдап, орамал салады. «Сен де өз теңінді тауып, тұрмыс құр»  деген тілек білдіреді. Қазір орамалдың орнына үкінің қауырсынын сыйлайды. 

Сыңсу

Қызды әкетер алдында сыңсу айтылады. Бұл туған ауылымен, жұртымен, анасымен, аға-жеңгелерімен қоштасу әні. Екі жақтан жеңгелері жүргізіп, жолдасына тапсырады. 

Нұршат Нұрғалиеваның айтуынша, тұрмысқа шыққан қыз бір жылға дейін төркініне бара алмайды. 

– Қазіргі заманда бәрі басқаша істеп жатыр. Бүгінде қыз ұзатуды мейрамханаларда түнгі он екіге жейін жасап жатады. Әкесімен вальс билетеді. Әркім өз әл-ауқаттарына сай тойлатып, қонақ шақырады, – деді ол.

Сүт ақы

Қыздың анасына берілетін кәде. 

– Сүт ақы – дүниеге әкеп, өсіріп, тәрбиелеген анасына беріледі. Біздің өңірімізде оның барлығын да жасайды. Көбіне енді ақшалай беріп жатады, бірақ жағдайға қарап береді,– деді Нұршат Нұрғалиева.

Отқа май құю 

Қыз балаға келін болып түскен кезде отқа май құйғызады.  Отқа тамызған май жанып жатқанда енесі алақанын отқа қыздырып, келіннің бетін сипайды. Содан кейін жаңа шаңырақта оның басына ақ орамал салғызып, қарсы алады. 

– Осы отбасыда майдай сіңіп кетсін деп жасайды. Келінге ақ орамалды әулеттің ақ ниетті, ибалы келіні болу үшін тағады. Бұл салт-дәстүрді үнемі істейді. Екі жақтың құдалары қоржын әкеліп, туыстарына сыйлық жасайды,– деді Нұршат Нұрғалиева.

«НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшесінің айтуынша, қыз баланың екі жұрты бар: қайын және өз жұрты. Яғни, келін болып түсіп жатқан жері өз жұрты деп саналады, өйткені сол жердің ұрпағын өсіреді. Судай батып, тастай сіңіп, сол үйдің барлық туыстарымен сыйласып, танысып, өмірлік серігінің көңілінен шығуға тырысады.

Фото: Нұршат Нұрғалиева жеке мұрағатынан алынды және Константин Шелков.