Павлодарлық кәсіпкерлер Германияда халықаралық тағылымдамадан өте алады
Өтінімдер ай соңына дейін қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы аясында Германияда тағылымдамадан өтуге өтінімдер қабылдайды.
2026 жылы «Іскерлік байланыстар» құралы шеңберінде «Food and Agricultural Industries» (тамақ өнімдерін өндіру және өңдеу / ауыл шаруашылығы) саласы бойынша ағылшын тілін меңгерген салалық топ үшін Германияда халықаралық бизнес-тағылымдама өткізу жоспарланып отыр.
Онлайн түрде болатын дайындық кезеңі ақпан–наурызда, тағылымдаманың негізгі кезеңі 6 сәуірден 23 сәуірге дейін өтеді.
Бизнес-тағылымдама Магдебург қаласы, «RKW Sachsen-Anhalt GmbH» базасында ұйымдастырылады. Бағдарлама аясында кәсіпорындарға бару және «Hannover Messe» мен «Agra Landwirtschaftsausstellung» салалық көрмелеріне қатысу көзделген.
– ШОБ субъектілерінің басшылары, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібінде қызмет ететін және орташа жылдық табысы кемінде 10 000 АЕК құрайтын павлодарлықтар қатыса алады. Сондай-ақ, шарттардың бірі – ағылшын тілінің деңгейі B1-ден төмен емес және келіссөздер жүргізу және шешім қабылдау өкілеттігінің болуы, – деді өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында.
Іріктеу конкурстық, онлайн форматта, Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» және GIZ қатысуымен өтеді. Қазақстанның әр өңірінен кемінде екі қатысушы тағылымдамаға аттанады.
Өтінімдер 26 қаңтарға дейін Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы арқылы қабылданады.
Визалық қолдау, тұру, медициналық сақтандыру және тамақтану қабылдаушы тараптың есебінен, ал әуе билеттері қатысушының есебінен төленеді.