Павлодарлық оқушы мен ұстаздар министрден марапат алды

Павлодарлық оқушы мен ұстаздар министрден марапат алды
Фото: Павлодар қалалық білім беру бөлімі

Марапаттарды Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы,  генерал-майор Василий Скляр табыс етті, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.

Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, Ішкі істер министрлігі азаматтардың құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, полиция имиджін қалыптастыру мақсатында «Бала және бағдаршам», «Менің қаладағы қауіпсіз жол қозғалысым» атты ақпараттық-имидждік жобаларын іске асырады. ҚР ІІМ министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен аталған жобаға белсенді қатысқаны үшін Қ. Бекхожин атындағы мектептің 4-сынып оқушысы Жансұлтан Қабиден ІІМ грамотасымен, Жетекші ЖОМ директоры Дәрмен Мұратов пен Қ. Бекхожин атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Баршагүл Сахабай  ІІМ Алғыс хаттарымен  марапатталды. 

- Әркімнің өзіндік ерекшелігі бар, бірақ біз бірігу арқылы ортақ іс жасаймыз, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Педагогтар полицей қызметкерлерімен бірлесіп, жол-көлік жарақаттану қаупін азайту үшін балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу іс-шараларының кешенін жүргізуде, - деп атап өтті Дәрмен Мұратов.

Жетекші ЖОМ жол қозғалысы ережелері бойынша «Бағдаршам» командасы 1998 жылы ұйымдастырылған. Осы жылдар бойы командаға А. Кулатаев жетекшілік етеді. Балалар көп жылдар бойы жол қозғалысы ережелері бойынша өткен аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері атанған. 2017 жылы команда облыстық және республикалық жарыстарда жеңіске жетіп, I орын алды. Ресейдің Анапу қаласында өткен жарыста марапатқа иеленген.  

- Мен 4-сынып оқушыларымен бірге жолдағы қауіпсіздіктің алдын алу бойынша «Бала және бағдаршам» ақпараттық-имидждік жобасын іске асыруға қатыстым, бейне-сабақтар өткіздім, - дейді Баршагүл Сахабай.

Қабиден Жансұлтан «Менің қаладағы қауіпсіз жол қозғалысым» атты жобасы аясында суреттер байқауына қатысып, өзінің суреті арқылы жол қозғалысы ережесін көрсеткен.