Ұлттық киім киюден неге ұяламыз? Павлодарлық аналар салт-дәстүрді насихаттайды
Облыста жаңадан ашылған қоғамдық бірлестікке жүзден астам ана кірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Павлодар облысында республикалық «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігінің филиалы ашылды. Қазақ аналары заманауи үрдістерді ескере отырып, ұмыт болған салт-дәстүрлерді жаңғырту және ұлттық мәдениетті дәріптеумен айналысады. Алғашқы жоба – ұлттық киімді қазіргі қоғамға қайта енгізу.
Екі жыл бұрын «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігін Айнұр Жүгінісова құрған еді. Республика бойынша 160 филиал жұмыс істейді. Оған 20 мыңға жуық ана кіреді, оның ішіндегі жүз шақты адам – Кенжекөл, Баянауыл, Майқайың, Ақтоғай, Тереңкөл аудандарынан және Екібастұз қаласынан.
– Біз ата-бабаларымыздың ізімен жүруге, дәстүрлерімізді сақтауға және оларды болашақ ұрпаққа беруге бар күшімізді саламыз, – дейді павлодарлық филиалының өкілі Айжан Абылқайырқызы. – Біз ұлттық киімді киюді трендке айналдырғымыз келеді. Неліктен біз ұлттық киімді киюден ұяламыз? Тек сахна мен мейрамда ғана емес, күнделікті өмірде де ұлттық киімді көргіміз келеді.
Салтанатты ашылымда 40-қа жуық шебер ана қатысып, қолөнер және дастархан көрмесін ұйымдастырды.
Облыстағы бірлестіктің ашылу салтанатында дизайнер Гүлайым Акумбаева қазіргі сәнге келтіріп, ұлттық нақыштағы дүниелер жасайды. Мамандығы – ұстаз. Гүлайым немерелерін тәрбиелеп, бос уақытында киіз және былғарыдан кілем тоқиды, қазақтың бас киімдерін тігеді. Оның сөзінше, қазақ қыздары кішкентай кезінен бастап бас киім киген. Бас киімнің түрлері әйелдің мәртебесін айқындайтын.
– Анам қолөнерші болған еді. Ол бұл дүниеден өтсе де, оның жұмыстары әлі де сақталған. Мысалы, киізден жасалған кілемге 20 жылдан асты. Анам өзі білген өнерді маған үйреткен еді, – дейді Гүлайым Акумбаева.
Айта кетейік, ашылған бірлестіктің мақсаты – қазақ аналарын біріктіру арқылы жаҺандану дәуірінде ұлттық құндылықтар мен дәстүрді сақтап, заманауи үлгіде өмір салтымызға енгізуді дәріптеу.
Фото: Әсия Серікова