Павлодарлық әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі Астанада жоғары наградалармен бағаланды
Олардың кәсіби адалдығы мен әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі мойындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
23 қазан күні Астанада өткен халықаралық форум аясында Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының екі қызметкері – Баян Ғизатуллина мен Ирина Колибер жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, наградалау рәсімінде Ирина Колибер Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы қойылған «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал Баян Ғизатуллинаға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан Алғыс хат табыс етілді.
– Мұндай мамандардың еңбегі мен қамқорлығы – адамдарға қызмет етудің жарқын үлгісі әрі еліміздің әлеуметтік саласын нығайтуға қосылған елеулі үлес, – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Баян Ғизатуллина бұл жетістікке Павлодар облысында өткен байқаудың қорытындысы бойынша республикалық деңгейде ұсынылған болатын. Облыстық байқауда жалпы 36 маман бақ сынаған еді.