Павлодарлық профессор қазақ тілін тез меңгерудің жолдарын айтты
Мемлекеттік тілді ауызекі деңгейде үйренудің бірнеше тәсілі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мамандар қазақ тілін тез меңгеру үшін ең алдымен тұрақты тәжірибе мен тілдік орта маңызды екенін айтады.
Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бақытгүл Қапасова қазақ тілін тезірек үйренудің басты шарты адамның ішкі ниеті екенін атап өтті.
– Егер қазақ тілін үйренем деген ықылас болса, әрекетке көшіңіз: қазақша фильмдерді көріп, әдеби кітаптарды оқыңыз, күнделікті өмірде қазақша сөйлесуге тырысыңыз. Ең бастысы – тілдік ортаға ену. Тек сонда ғана тілдің табиғи ырғақтарын сезініп, сөздік қорды байытып, сөйлеу дағдыңызды қалыптастырасыз. Тілдік орта сізді ойланбай сөйлеуге, сөзді еркін қолдануға үйретеді. Ал кітап пен кино – ойды тереңдетіп, мәдениетті түсінуге жол ашады. Осы үш бағытты қатар ұстансаңыз, қазақ тілін игеру әлдеқайда жеңіл әрі нәтижелі болады, – дейді профессор.
Сонымен қатар, ол қазақ тілінің деңгейін бағалау жүйесінің маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, «Қазтест» жүйесі тіл деңгейін анықтауға толық мүмкіндік береді, алайда оны талап ететін нақты орта қалыптаспаған.
– Бұл – қазақ тілінің барлық мүмкіндіктерін ашып көрсете алатын жүйе. Себебі онда тілдік деңгейлер бар және әрбір деңгейде сөздің қолданыс аясы, ортасы қамтылған. Қазақ тілі білімін жоғары деңгейде талап ететін мемлекеттік органдар, қоғам тарапынан тіл деңгейін міндеттейтін орта болса, жүйе брендке айналатыны анық, – дейді Бақытгүл Қапасова.
Бір сөзбен айтқанда, талап жоқ жерде қазақ тілін меңгерудің стандарты қалыптаспайды
– Қазіргі таңда қазақ тілін бағалау үшін арнайы жүйес бар болғанымен, ол IELTS секілді кеңінен мойындалған стандартқа айнала алмады. Себебі қазақ тілін білу деңгейін нақты талап ететін институционалдық механизмдер әлсіз. Әр сала бойынша тілдік деңгейге қойылатын нақты талаптар жоқ. Мысалы, медицина қызметкері, заңгер, мұғалім немесе халыққа қызмет көрсету саласының маманы қазақ тілін қандай деңгейде білуі тиіс деген нақты стандарт бекітілмеген. IELTS жүйесінің күші – әр елде, әр салада белгілі бір деңгейдің нақты талап ретінде қолданылуында. Ал қазақ тілінде мұндай бірізділік әлі қалыптасқан жоқ, – дейді маман.
Профессордың ойынша, бұл мәселенің шешімі де айқын. Әр салаға сәйкес тілдік деңгей талаптарын бекіту қажет.
– Мысалы, мемлекеттік қызметкер үшін – В2 немесе С1, мұғалімдер үшін – С1, ал халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандар үшін жоғары деңгей міндеттелуі мүмкін. Тіл сертификатын мансаптық өсумен байланыстыру маңызды. Жоғары оқу орындары мен кәсіби лицензиялау жүйесіне қазақ тілін білу деңгейін енгізу қажет. Қазақ тілін бағалау жүйесін біріздендіріп, оны ел көлемінде мойындалған стандартқа айналдыру керек, – дейді профессор.
Сонымен қатар, қазақ тілін меңгеруді ынталандыратын әлеуметтік сұраныс жеткіліксіз. Егер жұмысқа қабылдауда, мемлекеттік қызметте, жоғары оқу орындарына түсу немесе бітіру кезінде тіл деңгейін міндетті түрде дәлелдеу қажет болса, қазақ тілін бағалау жүйесінің беделі де артар еді. Ал бұның бәрі бірінші кезекте ауызекі деңгейдегі тілден басталады.
Аяулым Мұса