Павлодарлықтар жүргізуші куәлігі мен автокөлік құжаттарын енді үйден шықпай-ақ ала алады
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа цифрлық сервисті іске қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Енді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында дайындалған жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін арнайы жеткізу қызметі арқылы алуға мүмкіндік бар.
Жаңа сервис «ЦОН» мобильді қосымшасында қолжетімді және азаматтардың уақытын үнемдеуге бағытталған. Бұған дейін құжат дайын болғаннан кейін қызмет алушы оны алу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға қайта баруы қажет болса, енді құжаттарды көрсетілген мекенжайға жеткізуге тапсырыс бере алады.
Мемлекеттік корпорация төрағасы Арман Кенжеғалиевтің айтуынша, бұл бастама мемлекеттік қызметтерді халыққа барынша ыңғайлы форматта ұсынуға мүмкіндік береді.
– Бүгінде азаматтар үшін уақыт үнемдеу өте маңызды. Сондықтан біз мемлекеттік қызметтерді барынша ыңғайлы әрі орталыққа бармай-ақ алуға мүмкіндік беретін сервистерді дамытып келеміз. Дайын құжаттарды жеткізу қызметінің іске қосылуы цифрлық экожүйені дамытудағы кезекті қадам болды және азаматтарға күнделікті істерінен қол үзбей, уақытын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді, – деді Арман Кенжеғалиев.
Жеткізу қызметіне тапсырыс беру бірнеше минут қана уақыт алады. Ол үшін құжат немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі дайын болғаннан кейін «ЦОН» мобильді қосымшасына кіріп, «Мамандандырылған ХҚКО» бөліміндегі «Құжаттарды жеткізу» қызметін таңдау қажет. Одан кейін жеткізу мекенжайын көрсетіп, ыңғайлы уақытты белгілеп, оферта шарттарымен танысып, қызмет ақысын төлеу жеткілікті.
Қызмет тапсырыс рәсімделген елді мекен шегінде көрсетіледі. Егер тапсырыс сағат 17:00-ге дейін берілсе, жеткізу сол күні жүзеге асырылады. Ал 17:00-ден кейін рәсімделген өтінімдер бойынша құжаттар келесі жұмыс күні жеткізіледі.
Сондай-ақ пайдаланушылар қосымша арқылы жеткізу мәртебесін бақылап, курьердің орналасқан жері туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде көре алады.
Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, жаңа сервис мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдетуге және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бұдан бөлек, «ЦОН» мобильді қосымшасында көптеген мемлекеттік қызметтер мен цифрлық сервистер қолжетімді.
Қосымшаны App Store және Google Play платформалары арқылы жүктеп алуға болады.