Павлодарлық ғалымдар Наурыз көже негізінде жаңа сүт өнімін әзірлейді

Павлодарлық ғалымдар Наурыз көже негізінде жаңа сүт өнімін әзірлейді
Фото: gov.kz

Жобаға 365 млн теңге көлемінде грант бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары дәстүрлі Наурыз көже негізінде жаңа буынның ферменттелген сүт өнімін әзірлеуге кіріседі.

Жоба «Ғылым қоры» АҚ-ның 2026-2028 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған гранттық қаржыландыру конкурсында жеңімпаз атанып, 365 миллион теңге көлемінде қолдау алды.

Ғалымдар қымыздық саңырауқұлақтың (комбуча) симбиотикалық микрофлорасын және емдік қасиеті бар фитоингредиенттерді пайдалану арқылы сусынның тағамдық құндылығын арттырып, сақтау мерзімін ұзартуды көздеп отыр.

Жобаның ғылыми жетекшісі – техника ғылымдарының кандидаты Есмұрат Матеев. Зерттеу жұмыстарына Марғұлан университетінің Биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығының директоры Бибігүл Жұмабекова да қатысады.

Министрліктің мәліметінше, әзірленген технология алдағы үш жыл ішінде индустриялық серіктеспен бірлесіп өндіріске енгізіледі. Инновациялық өнімнің алғашқы партиясын 2026 жылдың соңына дейін шығару жоспарланған. Өндіріс Жамбыл облысындағы өндірістік алаңда жолға қойылады.