Қазақстанда «Құрметті донор» жаңа төсбелгісі тағайындалды

Қазақстанда «Құрметті донор» жаңа төсбелгісі тағайындалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алғашқы марапатқа 500-ге жуық тұрақты донор ие болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қан донорларына арналған «Құрметті донор» ведомстволық төсбелгісі ресми түрде бекітілді. Тиісті қаулыны Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдады.

Жаңа марапатқа бекітілген талаптарға толық сәйкес келетін 481 тұрақты донор алғашқылардың бірі болып ие болады.

Үкімет қаулысына сәйкес, төсбелгі Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қан мен оның компоненттерін өтеусіз тапсырғаны үшін беріледі. Ол үшін қанды және (немесе) тромбоциттерді кемінде 40 рет, ал плазманы 70 рет тапсыру қажет.

Төсбелгіні Қазақстан теңге сарайы дайындайды. Оның негізгі белгісі жүрек ырғағы бейнеленген қанық қызыл түсті қан тамшысы түрінде орындалған.

Денсаулық сақтау саласының мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 180 мыңнан астам адам донор атанып, 255 мыңнан астам донация жасайды. Бұл жыл сайын 80 мыңнан астам науқасты қан компоненттерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, қан мен оның компоненттерін тапсырған қызметкер медициналық тексеруден және донациядан өткен күндері жұмысынан орташа жалақысы сақтала отырып босатылады.