Ғалымдар Ферми парадоксын жасанды интеллект үнсіз экспансиясымен түсіндірді
Ғалымдар Ферми парадоксына қатысты жаңа болжам ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Зерттеуге сәйкес, жоғары дамыған өркениеттер ғарышты адамдар арқылы емес, жасанды интеллектпен жабдықталған шағын автономды зондтардың көмегімен игеруі мүмкін. Мұндай тәсіл олардың Ғаламда көзге түспей таралуына мүмкіндік береді.
Ферми парадоксының мәні – Әлемде миллиардтаған жұлдыздар мен тіршілікке қолайлы болуы ықтимал планеталар болғанына қарамастан, адамзат әлі күнге дейін өзге саналы өркениеттердің нақты іздерін анықтай алған жоқ.
Австрияның Вена қаласында тұратын тәуелсіз зерттеуші Сергей Ивлиевтің пікірінше, технологиялық өркениет дамуының шешуші кезеңі – қуатты зымырандар немесе байланыс жүйелерінің пайда болуы емес, «автономды ЖИ-ғарыш индустриясы» деңгейіне жетуі.
Бұл кезеңде өркениет өз планетасынан тыс жерде өндірістік және ғылыми инфрақұрылымды тірі организмдердің қатысуынсыз-ақ жүргізе алады. Мұндай жүйелер жасанды интеллект, автономды роботтар, ғарыштағы өндіріс пен жергілікті ресурстарды пайдалану арқылы жұмыс істейді.
Зерттеу авторының айтуынша, осыдан кейін жұлдызаралық сапарлар алып кемелермен емес, шағын автоматты аппараттар арқылы жүзеге асады. Олар көрші жұлдыз жүйелеріне өркениеттің өзіндік «сақтық көшірмесі» ретінде жіберілуі мүмкін. Мұндай құрылғылардың ішінде ғылыми деректер, генетикалық ақпарат, білім қоры және жаңа ортада өндірісті іске қосуға арналған жабдықтар сақталады.
Бұл тәсілдің басты артықшылығы – мұндай аппараттарға адамдарды тасымалдаудың немесе күрделі тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің қажеті жоқ. Сондықтан олар шағын, арзан әрі миллиондаған жыл бойы жұмыс істеуге бейімделуі мүмкін.
Белгілі бір деңгейде адамзат та осындай қадам жасаған. NASA ұшырған «Вояджер-1» және «Вояджер-2» аппараттарының бортында Жер өркениеті туралы ақпарат жазылған алтын пластиналар орналасқан. Алайда бұл зондтар жасанды интеллект жүйелерімен жабдықталмаған.
Зерттеушінің пайымдауынша, егер дамыған өркениеттердің шешімдерін барынша тиімділікке бағытталған жасанды интеллект қабылдайтын болса, онда олар алып ғарыш империяларын құрудың орнына «үнсіз экспансияны» таңдауы ықтимал. Яғни, үлкен кемелердің орнына шағын зондтар ұшырып, тұрақты радиосигналдардың орнына сирек байланыс орнатып, ауқымды мегақұрылымдардың орнына шағын автоматтандырылған базалар салуы мүмкін.
Мұндай жағдайда өзге өркениеттердің іздері де көзге бірден түспейді. Олар Күн жүйесіндегі шағын техногендік артефактілер, экзопланеталар маңындағы ерекше техносигнатуралар немесе ресурстарды өңдеудің әлсіз белгілері түрінде ғана байқалуы ықтимал.
Зерттеуде келтірілген есептеулерге сәйкес, салмағы шамамен 10 килограмм болатын және жарық жылдамдығының бір пайызына жуық жылдамдықпен қозғалатын автономды зондтар бірнеше миллион жылдың ішінде Галактиканың едәуір бөлігін шарлап шыға алады. Бұл Құс жолы галактикасының жасымен салыстырғанда өте қысқа мерзім саналады.
Осыған сүйенген автор адамзаттың өзге өркениеттерді әлі кездестірмеуінің себебі олардың жоқтығында емес, керісінше өте тиімді әрі көзге түспейтін технологиялық стратегия қолдануында болуы мүмкін деген қорытынды жасайды. Сонымен қатар зерттеуші өркениеттер үшін ең күрделі сынақ тіршіліктің немесе интеллектінің пайда болуы емес, қуатты жасанды интеллектіні, автономды роботтарды және ғарыштық өндірісті қауіпсіз әрі ұзақ мерзім бойы басқара алу кезеңі болуы ықтимал екенін атап өтті.