Павлодар облысында грант конкурсына өтініш қабылдау басталды
Талапкерлер құжаттарын 13-20 шілде аралығында тапсыра алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 13-20 шілде аралығында жоғары оқу орындарының білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін талапкерлерден құжат қабылданады.
Өтініштерді жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн немесе виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы, сондай-ақ eGov порталы арқылы онлайн тапсыруға болады.
Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер жеке куәлігін, ҰБТ сертификатын, 3х4 көлеміндегі фотосуретті және орта білім туралы аттестатты ұсынуы тиіс. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері диплом тапсырады. Жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысатын талапкерлер растайтын құжаттарды да өткізеді.
Білім беру гранттары конкурсына және ақылы бөлімге түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша ең төменгі шекті балл белгіленген. «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттарына кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» бағытына – 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» мен «Ветеринария» бағыттарына – 50 балл қажет.
Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін талапкерлер кемінде 65 балл, ал басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін 50 балл жинауы тиіс.