Павлодар облысында алғашқы металлургтердің мекені табылды
Ерте қола дәуіріне жататын археологиялық кешен өңірдегі көне металл өңдеу дәстүрінің бастауын зерттеуге жол ашады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Адам сүйектері мен көне қыш ыдыс сынықтары туралы археологтарға Павлодар қаласының тұрғыны Денис Киблер хабарлаған. Ақпарат түскеннен кейін Марғұлан университеті археологиялық зерттеулер институтының мамандары нысанға барып, жедел түрде қорғау-құтқару қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ерте қола дәуіріне жататын, шамамен төрт мың жыл бұрынғы жерлеу орны анықталды.

Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Наталья Миллердің айтуынша, табылған бұйымдар жерленген адамның ежелгі металлургиямен байланысы болғанын көрсетеді.
– Біз балталар, келсап тәрізді құралдардан және тегістелген тастан жасалған шоттан тұратын тас бұйымдарды көріп отырмыз. Яғни, жерлеу орнына өзіндік тас жиынтық қойылған. Бұл адамның металлург болуы мүмкін екенін болжауға болады. Себебі, мұндай құралдар жиынтығы қола дәуіріндегі кеншілерге тән. Оның ішінде кварциттен жасалған шоттар мен тасты ұсақтауға арналған тегістелген тас балта бар, – деді Наталья Миллер.

Археологтардың айтуынша, қазба жұмыстары барысында әр кезеңге жататын бірнеше мәдени қабат анықталған. Бұл аумақты адамдардың мыңдаған жылдар бойы қалай игергенін бақылауға мүмкіндік береді.
– Мәдени қабаттың соңғы екі мың жылда қалыптасқан құмды шөгінділермен толық жабылғаны анық көрінеді. Біз ежелгі жер бедерін байқаймыз: мұнда биіктеу және ойпаң жерлер болған, ал адамдар шағын ойыстың түбіне қоныстанған. Бұл жерлеу орны одан да көне топырақ қабаттарын кесіп өтіп, терең орналасқан. Бәлкім, адамдар бұл жерге көктем мезгілінде келіп, белгілі бір уақыт тұрған, – деді археологтар.

Мамандар жерлеу орнынан алыс емес жерден көне ошақтың қалдықтарын да тапты. Ол жерлеу орнынан әлдеқайда ертерек кезеңге жатады. Тас бұйымдар мен ұсақ микропластинкаларға жүргізілген талдау бұл нысанның неолит дәуіріне тиесілі екенін және жасы алты мың жылдан асуы мүмкін екенін көрсетті. Алдағы кешенді зерттеулер ескерткіштің нақты мерзімін анықтап, ежелгі тұрғындардың өмір салтын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Археологиялық зерттеулер институтының бас археологиялық қор сақтаушысы Елена Тушеваның айтуынша, адаммен бірге жерленген заттар сол кезеңдегі жерлеу дәстүрлеріне сәйкес келеді.
– Бұл адамның металды балқытып, өңдеумен тікелей айналысқанын көрсетеді. Бұл біз үшін осы аумақта аса маңызды, себебі жақын маңнан көне мыс өндіру орындары сақталмаған. Сонымен қатар неолит дәуіріне жататын бірнеше көне топырақ қабатын анықтадық. Бірнеше тазарту жұмыстарын жүргізіп, кейінгі тас дәуірінде бұл аумақта адамдар өмір сүргенін дәлелдейтін қыш ыдыстар мен көмір қалдықтарын таптық, – деді Елена Тушева.
Ғалымдардың айтуынша, қазақтың көрнекті ғалымы, археолог, шығыстанушы, тарихшы, әдебиеттанушы және өнертанушы, Қазақстандағы археология және этнография мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұлан Қазақстан аумағындағы көне кен орындарының картасын жасаған кезде Павлодар өңірінің тау-кен металлургия орталығына ерекше мән берген. Жаңа табылған нысан облыста металлургияның ерте қола дәуірінде қалыптаса бастағанын көрсетіп, ежелгі металл өндірісінің бастауын зерттеуде маңызды дерек болмақ.
Қазба жұмыстары кезінде зерттеушілер сол кезеңдегі климат жағдайын қалпына келтіру үшін топырақ үлгілерін де алды. Алда заманауи құрал-жабдықтар арқылы зертханалық талдаулар жүргізіліп, табылған жәдігерлер ғылыми сипаттамаға ие болады. Кейін археологиялық қорларға тапсырылмақ. Қазірдің өзінде ескерткіштің үш өлшемді үлгілері жасалып, олар ғылыми зерттеулерде және мәдени мұраны зерттейтін жаңа буын мамандарын даярлауда қолданылатын болады.