Павлодар облысында жайылымдарды басқару тәсілі жетілдіріледі

Павлодар облысында жайылымдарды басқару тәсілі жетілдіріледі
Фото: Константин Шелков

Сарапшылар талдау жасап, жайылымдық жерлерді жақсарту бойынша кеңестерін ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мамандар жер телімдерін басқару жоспарларын жаңартып, тозған жерлерді қалпына келтіруді және шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту керектігін алға тартты.

Жайылымдардың тозуы, олардың біркелкі пайдаланылмауы және қалпына келтіру жолдары «Павлодар облысында жайылымдарды басқару мәселелерін шешу жолдары» атты дөңгелек үстелде талқыланды. Шара «Жер және әділдік: Павлодар облысындағы ауылдық қауымдастықтарды қолдау» жобасы аясында ұйымдастырылып, оның мақсаты жайылымдық жерлерді басқару жүйесін жетілдіруге арналған практикалық ұсыныстар әзірлеу болды.

Павлодар облысындағы жайылымдардың шамамен үштен екісі тозған жағдайда. Сонымен қатар, ондаған ауылда мал жаюға арналған жер тапшылығы сақталып отыр.

Дөңгелек үстелге қатысушылар осындай қорытындығакелді. Сарапшылар қолданыстағы жоспарларды қайта қарап, шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту және жерлерді қалпына келтіруде ғылыми тәсілді кеңінен қолдану қажет екенін айтты.

«Павлодар облысының Азаматтық альянсы» қауымдастығының төрайымы Светлана Могилюк жобаны іске асыруға жайылымдардың жағдайының күрт нашарлауы себеп болғанын жеткізді.

Пилоттық аумақ ретінде мамандар Ақсу қаласының ауылдық аймағына қарасты Қызылжар ауылдық округін таңдады. Дәл осы жерде далалық зерттеулер жүргізіліп, тұрғындармен кездесулер, заңнаманы талдау және мемлекеттік органдардың қатысуымен фокус-топтар ұйымдастырылған. Бұл округ тұрғындары бос жерлер болғанына қарамастан жайылым тапшылығын ерекше сезініп отырғандықтан таңдалған.

– Біз тұрғындардың мал ұстауды тоқтатқанын көрдік. Оның себебі қарапайым – жайылым жетіспейді, ал жем-шөп сатып алу қымбат. Бұл мәселе тек Қызылжар ауылдық округіне ғана тән емес. Зерттеу қолданыстағы жайылымдарды басқару жоспарлары үлгілік жоспар талаптарына сәйкес келмейтінін, түсінікті карталардың және өзекті геоботаникалық деректердің жоқ екенін көрсетті. Соның салдарынан жерлер жүйесіз пайдаланылып, жайылымдардың тозуы одан әрі күшейіп жатыр, – деді Светлана Могилюк.

Далалық зерттеулер елді мекендердің маңындағы жайылымдардың тозғанын, ал шалғайда орналасқан, іс жүзінде пайдаланылмайтын жайылымдардың жағдайы әлдеқайда жақсы сақталғанын көрсетті.

Биология ғылымдарының кандидаты Виктор Камкин өңірдегі жағдайды сипаттайтын деректерді келтірді. Павлодар облысындағы жайылымдардың жалпы көлемі 8,2 миллион гектарды немесе өңір аумағының 66 пайызын құрайды. Қазіргі мал басына қажетті жайылым көлемі шамамен 4,1 миллион гектар болғандықтан, жалпы алғанда жер тапшылығы жоқ.

– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің пайдалануына 5,1 миллион гектардан астам жайылым бекітілген. Алайда олардың орналасуы біркелкі емес. Биыл 56 елді мекенде жайылым жетіспейді, ал өткен жылы мұндай ауылдардың саны 78 болған. Сонымен қатар 289 елді мекенде жайылым артық. Мұның басты себебі – мал негізінен ауылдан үш-сегіз шақырым радиуста ғана жайылады. Ал шалғайдағы жайылымдар жолдың, су көздерінің және электр желілерінің жоқтығынан пайдаланылмай келеді, – деді Виктор Камкин.

Ғалымның айтуынша, тозған жайылымдардың өнімділігі гектарына екі центнерден де төмен. Жердің одан әрі тозуына жол бермеу үшін жайылымға түсетін жүктемені сақтау қажет. Орта есеппен бір шартты ірі қара мал басына 4–6 гектар жайылым қарастырылуы тиіс, ал қуаңшылық жылдары бұл көрсеткішті тағы 15–20 пайызға азайту қажет. Сондай-ақ ол жайылым айналымын енгізуді, мәдени жайылымдар құруды және шалғайдағы жайылымдарды су көздерімен қамтамасыз етуді ұсынды.

Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов өткен жылы ведомство алғаш рет жайылымдарды басқарудың жаңа жоспарларының орындалуына мониторинг жүргізгенін айтты.

– Талдау көптеген жоспардың әлі де заң талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетті. Бүгінгі талқылаудан кейін барлық ұсыныстар ескеріліп, жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Ғылыми әзірлемелерді пайдалану, геоботаникалық зерттеулерді тұрақты жаңартып отыру және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Өйткені жер пайдаланушылардың өздерінің қатысуынсыз бұл мәселені шешу мүмкін емес, – деді Мұрат Хамитов.

Мәселені шешу жолдары туралы ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мойылжан Қанаев та пікір білдірді. Оның айтуынша, бүгінгі күннің басты міндеті – жемшөп базасын қалпына келтіру.

– Соңғы 35 жылда көпжылдық шөптер іс жүзінде жаңартылмай келеді. Тек жайылымдар ғана емес, шабындықтар да тозып жатыр. Біз ондаған жылдар бойы қалыптасқан топырақ құнарлылығын жоғалтып жатырмыз. Мұның шешімі бар – елді мекендердің маңына көпжылдық шөптерді жаппай егу қажет. Мемлекет бұл жұмысты қолдап, оны жергілікті жерде ұйымдастыруы тиіс. Егер жемшөп базасын қалпына келтірсек, өңір өзін толықтай мал азығымен қамтамасыз етіп, жайылымдардың өнімділігін едәуір арттыра алады, – деді Мойылжан Қанаев.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданды. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар үшін жайылымдарды басқарудың үлгілік жоспарларын әзірлеу және іске асыру жөніндегі қосымша әдістемелік түсіндірмелер дайындау ұсынылды. Құжаттардың құрылымы мен мазмұнына, сондай-ақ бастапқы деректерге қойылатын талаптарды біріздендіру қажет.

– Жайылымдарды басқарудың үлгілік жоспарына геоботаникалық зерттеулер туралы мәліметтерді міндетті түрде енгізу керек. Құжатта зерттеудің жүргізілген күні, орындаушысы, қамтылған аумағы мен ауқымы көрсетілуі тиіс. Бұл пайдаланылатын деректердің өзектілігі мен сенімділігін бағалауға мүмкіндік береді, – деді Светлана Могилюк.

Сондай-ақ жайылымдарды басқару жоспарларына арналған картографиялық материалдардың бірыңғай стандартын әзірлеу ұсынылды. Карталар мамандарға да, қарапайым пайдаланушыларға да түсінікті болатын бірыңғай шартты белгілер жүйесімен дайындалуы тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, жайылымдарды қалпына келтіру және тиімді пайдалану жұмыстарын ғылыми сүйемелдеу маңызды. Жоспарларды әзірлеу мен іске асыруға география, экология, топырақтану және басқа да салалардың мамандарын тарту қажет.

Сонымен қатар, жайылымдық аумақтарды басқару саласындағы мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін құру ұсынылды. Биологиялық әртүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану тұжырымдамасына сәйкес, өңірлік әдістемелік орталықтар немесе мектептер желісін құрып, оларда тозған жайылымдарды қалпына келтіру және жер ресурстарын тиімді басқарудың заманауи тәсілдерін оқыту қажет.