Кадр тапшылығы өзекті: Павлодарда ветеринарлар кәсіби мерекесін атап өтті
Ветеринария саласының үздік мамандары кәсіби мереке қарсаңында марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Салтанатты шараны ұйымдастырушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ветеринарияның мал шаруашылығының ғана емес, жалпы халықтың денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аса маңызды сала екені туралы айтқан сөзін келтірді.

Ветеринария саласының мамандары жануарлар ауруларының алдын алу мен олармен күресте, жұқпалы аурулардан қорғауда, сондай-ақ жануарларға қамқорлық пен жанашырлық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бұл – жоғары жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін абыройлы қызмет.

– «Медицина адамды емдейді, ал ветеринария адамзатты қорғайды» деген қанатты сөз бар. Бұл сіздердің еңбектеріңіздің ауқымы мен маңызын дәл сипаттайды, – деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгерім Қабылтаева ветеринарларды құттықтау барысында.
Павлодар облысы – мал шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан еліміздің аграрлық өңірлерінің бірі. Өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және халық денсаулығын қорғау ветеринар мамандардың кәсібилігіне, біліктілігіне және өз ісіне деген жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Павлодар облыстық ветеринариялық станциясының ветеринар дәрігері Сергей Мягченко әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Біздің негізгі жұмысымыз – ауылдық округтерде ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу. Бүгінгі мерекеге көптеген маман жиналды. Алайда жас құрамына қарасақ, жастардың ветеринария саласына қызығушылығы әлі де төмен. Соңғы екі-үш жылда жалақы өсіп, материалдық-техникалық база жақсарғанымен, жас мамандардың көбі қалаға жақын жерлерде немесе ұсақ үй жануарларын емдейтін қалалық клиникаларда жұмыс істеуді жөн көреді. Сондықтан ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы өзекті мәселе болып қала береді, – деді Сергей Мягченко.
Оның айтуынша, бүгінде Павлодар облысында 500-ден астам ветеринария қызметкері еңбек етеді. Дегенмен бұл саладағы мамандар саны жеткіліксіз.
– Қолданыстағы нормативке сәйкес, бір ветеринар маман шамамен 600 шартты мал басына қызмет көрсетуі тиіс. Алайда бүгінде бір ветеринарға жүктеме үш-төрт есе артық. Кейбір ауылдық округтерде бес мыңға жуық ірі қара, жалпы саны 12–13 мың басқа дейін мал бар. Осындай елді мекендерде бар болғаны үш-төрт ветеринар ғана жұмыс істейді, – деді ол.

Биыл Павлодар ауданында үш жаңа ветеринариялық пункттің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жаңа ветеринариялық станцияның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл мамандар үшін заманауи жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Бүгінде ветеринария саласындағы негізгі мәселелердің қатарында кадрмен қамтамасыз ету және сала қызметкерлерін қаржылай қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру мәселелері өзекті болып отыр.
Айта кетелік, мереке қарсаңында Павлодар облысының ветеринария саласының 60-қа жуық қызметкері адал еңбегі мен өңірдегі ветеринариялық қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін Құрмет грамоталарымен және ведомстволық медальдармен марапатталды.